Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық түсіне ме": Депутат Қазақстандағы заңдарды қарапайым тілде жазуды ұсынды

Депутат Берік Беркімбаев
Фото: Шымкент әкімдігі

"Әділет" партиясы фракциясының депутаттары азаматтарға заң нормаларын қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру жүйесін жетілдіруді ұсынды. Осы мәселеге қатысты фракция депутаты Берік Беркімбаев әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Берік Беркімбаевтың айтуынша, бүгінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты көптеген нормативтік-құқықтық акт қабылданып жатыр. Алайда заң нормаларын халыққа жеткізу ғана жеткіліксіз. Ең маңыздысы – азаматтардың заңды түсінуі және оны іс жүзінде қалай қолдану керегін білуі.

"Заң нормаларын халыққа жеткізумен ғана шектелмей, олардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, іс жүзінде қолдану тәртібін көрсету маңызды", – деді "Әділет" фракциясының депутаты Берік Беркімбаев.

Фракция мүшесі қазір мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, осы бағытты жалпы үйлестіретін және бірыңғай тәсіл қалыптастыратын мемлекеттік орган нақты айқындалмағанын атап өтті. Осыған байланысты депутат құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үшін ортақ әдістеме әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат Берік Беркімбаев құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігін өткізілген кездесулер мен іс-шаралардың санымен ғана бағалауға болмайтынын атап өтті.

"Құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігі өткізілген кездесулердің, жарияланымдар мен іс-шаралардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Негізгі көрсеткіш – азаматтардың заң нормаларын қаншалықты түсінетіні, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қажетті құқықтық ақпаратты қолжетімді түрде ала алуы", – делінген депутаттық сауалда.

Фракция өкілі Берік Беркімбаев азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және құқықтық түсіндіру сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ екенін де көтерді.

Депутаттың пікірінше, бұл мәселені тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болады. Зерттеу нәтижелері азаматтарға түсіну қиын заң нормаларын анықтап, құқықтық түсіндіру жұмысындағы проблемаларды нақтылауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты “Әділет” фракциясы әділет министрлігінен үш мәселені қарастыруды сұрады. Құқықтық түсіндіруді үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындау және ортақ әдістеме әзірлеу керек дейді депутат. Бұдан бөлек, Берік Беркімбаев азаматтардың құқықтық сауаттылығын бағалайтын тұрақты әлеуметтік зерттеулер енгізу, сондай-ақ зерттеу нәтижелері негізінде түсіндіру сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек екенін айтады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мектептерінде 2026-2027 оқу жылынан бастап 5-9 сынып оқушыларына "Жеке қауіпсіздік" атты жаңа пән енгізілетінін жазған едік. Пән аясында балаларға жол қозғалысы ережелерімен қатар, қоғамдық орындарда өзін қауіпсіз ұстау, жеке қауіпсіздік және түрлі қауіптің алдын алу жолдары үйретіледі. Бағдарламаны Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен "Өркен" орталығы әзірлеген. Сабақтарды мұғалімдер мен психологтар өткізеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 12:17