ТМД шартына қосылмаған Украина мен Молдовада күдіктілер қалай іздестіріледі
Құрылтай отырысында депутат Замира Кузиева Украина мен Молдованың ТМД аясындағы мемлекетаралық іздестіру туралы шартқа қосылмағанын айтып, Қазақстан бұл елдермен іздестіруді қандай құқықтық негізде жүргізетінін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, Украина мен Молдова аталған шартқа қосылмағанымен, олармен құқықтық ынтымақтастықтың өзге тетіктері бар.
"Украинамен екіжақты құқықтық ынтымақтастық туралы келісім қолданылады. Ол мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген адамдарды іздеу және ұстау бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Сондықтан Қазақстанның Украина аумағында жүрген іздеудегі адамдарды іздеуіне, сондай-ақ Украина тарапының Қазақстанға тиісті сұрау жолдауына құқықтық негіз бар", – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, Молдовамен де құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін халықаралық келісімдер қолданылады.
Құрылтай қараған хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында іздеуде жүрген адамдар туралы ақпаратты электронды форматта алмасуға мүмкіндік береді. Бұл мемлекетаралық іздестіру кезінде мәлімет жіберуді жеделдетуге бағытталған.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді
