Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарыз дәптері" тығырыққа тіреп отыр": Құрылтайда үй маңындағы дүкендердің мәселесі көтерілді

депутат Руслан Идрисов
Фото: Құрылтай видеосынан скрин

"Respublica" партиясы фракциясының мүшесі Руслан Идрисов премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге "үй жанындағы" дүкендерді жүйелі қолдау шаралары туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ды, ал азық-түлік тауарлары бойынша 9,5% болды.

"Үкімет тарапынан бірқатар тиімді шаралар қабылданып жатыр: 2025 жылы сауда саласындағы 458 жобаға 67,5 млрд теңге көлемінде субсидия берілді, 2026 жылға 10 млрд теңге қарастырылған, оның 6,4 млрд теңгесі – жаңа жобаларға бағытталған. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 31 атауына бағаны тұрақтандыру тетігі жұмыс істейді. Алайда мемлекеттік қолдаудың тек ірі сауда желілеріне шоғырлануы күтілетін нәтижені айтарлықтай төмендетуі мүмкін", – деді "Respublica" партиясының депутаты Руслан Идрисов.

Депутаттың айтуынша, министрлік үшін ірі сауда желілерімен жұмыс істеу ыңғайлы болғанымен, нарықтағы маңызды ерекшеліктер ескерілмей отыр. Ол елдегі географиялық теңгерімсіздікке назар аударды. Ауылдық жерлерде 7,5 млн адам, яғни халықтың шамамен 40%-ы тұрады. Ауылдар мен шағын қалаларда ірі сауда желілері жоқ, бұл елді мекендерді 40 мыңға жуық "үй жанындағы" дүкен қамтамасыз етеді.

Депутаттың пікірінше, мемлекет бөлетін жеңілдікті қаражатты тек ірі сауда желілеріне бағыттау ауыл мен шағын қала тұрғындарының басым бөлігін қолдаусыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау тетіктерінде "үй жанындағы" дүкендердің де үлесі ескерілуі керек.

"Бұл ретте "үй жанындағы" дүкендер халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар пандемия және төтенше жағдайлар кезіндегі ең күрделі кезеңдерде де жұмысын тоқтатқан жоқ. Бұдан бөлек, ірі сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 31 атауына жеңілдікті кредиттер есебінен бағаны ұстап тұрып, қалған 10 мыңға жуық тауардың үстеме бағасын арттыру арқылы жалпы себет құнының жоғары деңгейде қалуына ықпал етеді", – деп түсіндірді депутат Руслан Идрисов.

Депутаттың айтуынша, шағын дүкендерге арзан көтерме тауар алуға мүмкіндік бермей, кейін оларды жоғары үстеме баға үшін айыппұлға тарту мемлекеттің жауапкершілігін шағын кәсіпкерлердің мойнына арту деп санайды.

Ол сауда саласының ел экономикасындағы рөліне де тоқталды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сауда саласы жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша бірінші орынға шыққан.

Депутаттың сөзінше, әрбір "үй жанындағы" дүкеннің артында кассалық алшақтық жағдайында жұмыс істеп отырған отбасыға тиесілі микробизнес тұр. Сондықтан бұл кәсіпкерлерге тек талап қойып қана қоймай, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды.

"Ауылдағы "үй жанындағы" дүкендер тек сауда орны емес, тұрғындарға қажет кезде азық-түлікті қарызға беретін әлеуметтік тірекке айналып отыр. "Қарыз дәптеріне" жазылған тауардың көлемі кейде дүкеннің барлық айналым қаражатының 50%-ынан асады. Сонымен қатар шағын дүкендер тауар алу үшін дистрибьюторларға 100% алдын ала төлем жасауға мәжбүр. Жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер жылдық 45-48% мөлшерлемемен коммерциялық несие алады. Кейде бір кредитті екіншісімен жабуға тура келеді. Ал бұл пайыздық шығынның барлығы ақыр соңында тауар бағасына қосылады", – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, шағын дүкендерге түсетін салықтық және әкімшілік жүктеме де жоғары. Салықтар, қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдер, заңды тұлғаларға арналған коммуналдық тарифтер, сондай-ақ тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі (ТИС) мен фискалдық деректер операторының (ОФД) қызметтеріне кететін шығындарды есептегенде, міндетті төлемдер дүкеннің операциялық пайдасының 30–40%-ына дейін жетеді.

Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек сауда салығының оңайлатылған декларациямен біріктіріліп, базалық мөлшерлемесі 4% болатын бірыңғай арнайы салық режимі енгізілгенін атап өтті. Мәслихаттарға мөлшерлемені 2-6% аралығында белгілеу құқығы берілген.

Депутаттың сөзінше, тіпті 3% мөлшерлеме қолданылған жағдайда да шағын дүкендер үшін салықтық жүктеме коэффициенті шамамен 40% болды.

"2020 жылы Ұлттық банк әлеуметтік маңызы бар салаларда (дәріханалар, білім беру, медицина) банкаралық комиссияларды (интерчейндж) 1,5%-ға дейін шектеу тетігін сәтті қолданды. Осы тәсілді "үй жанындағы" азық-түлік дүкендеріне де қолдану қажет. Дүкеннің таза маржасы 8-12% болған жағдайда, банктік эквайринг комиссиясы (1,5–2,5%) дүкеннің таза пайдасының төрттен біріне дейін жетуі мүмкін", – деді Руслан Идрисов.

Осыған байланысты "Respublica" партиясы шағын азық-түлік дүкендерін қолдауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасады. Партия өкілдері жаңа бірыңғай арнайы салық режимі аясында шағын азық-түлік саудасы үшін оңайлатылған декларация негізіндегі салық мөлшерлемесін бүкіл ел бойынша 2%-дан асырмай белгілеуді ұсынды.

Сонымен қатар "үй жанындағы" дүкендерге айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдікті қаржыландыру бағдарламаларын таратуды және бұл қаражатты отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алуға бағыттауды ұсынды.

Партия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шағын дүкендерге көтерме бағамен жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі берілгенге дейін, олардың үстеме бағасына байланысты нүктелік айыппұл салуға мораторий енгізу қажет деп санайды. Ал босатылған ресурстарды сұр импортты анықтау және оның жолын кесуге бағыттау ұсынылды.

Бұдан бөлек, "Respublica" Ұлттық банкпен бірлесіп "үй жанындағы" дүкендер үшін әлеуметтік маңызы бар және негізгі азық-түлік тауарларын сату кезінде банктік эквайрингтің шекті мөлшерлемесін 0,5%-дан асырмау мәселесін қарастыруды ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда базарларда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесі өңірге қарай әртүрлі болуы мүмкін екенін жазған едік. Жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін базалық мөлшерлеме 4% болып белгіленген. Алайда жергілікті мәслихаттарға аймақтың экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл мөлшерлемені төмендету немесе көтеру құқығы берілген.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап интернет-платформалар салық агенті ретінде жұмыс істеп, кәсіпкерлердің тауар сату және қызмет көрсетуі туралы ақпаратты салық органдарына беруге міндеттеледі.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 12:44