Қазақстанда ауылдардағы азық-түлікке қойылатын сауда үстемесін ұлғайту ұсынылды

Қазақстанда ауыл тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қала тұрғындарына қарағанда қымбат бағаға алуы мүмкін. Елде шалғай ауылдардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын шекті сауда үстемесін арттыру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндай өзгерісті ұсынғандар ауылдарға тауар жеткізу шығыны жоғары екенін айтады. Олардың есебінше, қазіргі 15% сауда үстемесі дүкендердің шығынын жаппайды, сондықтан көптеген ауыл дүкендері табыссыз жұмыс істеп отыр.
Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 31 түрлі өнім кіреді. Олардың қатарында нан, сүт, жұмыртқамен бірге қызанақ, қияр, алма, сиыр еті, балық, ірімшік, шай және басқа да азық-түліктер бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл тізім кеңейгеннен кейін шағын ауыл дүкендерінің бір бөлігі көкөніс пен жеміс-жидек сатуды тоқтатқан. Себебі оларға белгіленген сауда үстемесімен бұл өнімдерді сату тиімсіз болып қалған.
“Әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне енгізілген кейбір тауарлар дүкен сөрелерінен мүлде жоғалып кетті. Кейбір дүкендер жабылып жатыр, ал жабылмағандары көлеңкелі саудаға кетуге мәжбүр”, – дейді Шығыс Қазақстан облысындағы Сауда кәсіпорындары қауымдастығының жетекшісі Владимир Бердник.
Осыған байланысты Мәжілісте ауылдағы кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын ең жоғары сауда үстемесін қазіргі 15%-дан 20-25%-ға дейін көтеру ұсынылған.
“Егер қазіргі жағдай өзгермесе, ауыл дүкендері табыссыз болып, біртіндеп жабылуы мүмкін. Соның салдарынан ең алдымен ауыл тұрғындары зардап шегеді. Өйткені әр адамның азық-түлік алу үшін 200 шақырым жердегі қалаға барып келуге мүмкіндігі бола бермейді”, – дейді R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.
Сарапшылардың айтуынша, қазірдің өзінде көптеген ауыл тұрғындары азық-түлікті қала тұрғындарына қарағанда қымбатырақ сатып алып жүр. Бұған сабап – арақашықтықтың шалғай, тасымалдың қымбат болуы.
"Қазір ауыл дүкендерінің орташа күндік түсімі шамамен 30-70 мың теңге аралығында. Ал қаладағы дүкендердің күндік түсімі 300 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін жетеді", – дейді экономист Марат Абдурахманов.
Сауда министрлігінің мәліметінше, әзірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын шекті сауда үстемесін көтеру жоспарда отырған жоқ.
Оның орнына дүкендерге тауарды тасымалдау және жеткізуге кеткен құжатпен расталған шығындарды есепке алуға рұқсат беру ұсынылып отыр. Алайда бұл қосымша шығындарды ақырында кім өтейтіні әзірге белгісіз.
“Біз ауыл дүкендерінің мәселесін түсінеміз. Сондықтан қазір Сауда және интеграция министрлігі тиісті түзетулерді әзірлеп жатыр. Бұл өзгерістердің мақсаты – сауда үстемесін көтеру емес, кәсіпкерлердің нақты шығындарын есепке алу”, – дейді Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің бақылау басқармасының басшысы Самал Айтбай.
Билік мәселені көтерме бағамен жұмыс істейтін сауда-логистикалық орталықтарды көбейту арқылы шешуді көздеп отыр. Бұл тауарды жеткізу кезіндегі делдалдар санын азайтып, тасымал шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда мұндай 62 сауда-логистикалық орталық ғана бар. Сондықтан ауыл тұрғындары әзірге азық-түлікті қымбат бағамен сатып алуға немесе дүкен сөрелеріндегі тауар түрінің тапшылығына көнуге мәжбүр.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді