Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 170-тен астам тұрғын үй заңсыз жалға берілген

тұрғын үй
Фото: Pexels

Коммуналдық тұрғын үйді мақсатты пайдалану мониторингі аясында тексеріс жүргізді. Салдарынан 3 мыңнан аса үй тексерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үйді мақсатты пайдалану мониторингі жалғасып жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қызметкерлері 3 125 пәтерді тексерген. Тексерулер қаланың Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында жүргізілді

“Тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берудің 172 фактісі анықталды. 114 жағдайда пәтерлер босатылды, қалған 58-і бойынша сотқа дейінгі шағымдар жолданды,"  – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік босатылған пәтерлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазды. Осыдан кейін олар мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы адамдарға беріледі. "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы орган ұсынған тұрғын үйді жалға алушылар қосалқы жалға алушылар мен уақытша тұрғындарды кіргізуге құқылы емес екенін ескертті.

Еске сала кетейік, Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифі өзгереді. Енді тұрақ ақысы орналасқан жердегі көлік жүктемесіне қарай сағатына 100, 150 және 200 теңге болады.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 13:43