Каспийдегі апат туралы пост жазғандарға полиция қоңырау шалды ма: ІІМ жауап берді
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Каспий теңізінде 14 әскери қызметкер қаза тапқаннан кейін Threads желісінде сын жазған азаматтарға полиция қызметкерлері хабарласты деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары аптақа қатысты сыни жазба жариялағаннан кейін өзін полиция қызметкері деп таныстырған адамдар хабарласып, посттарын өшіруді сұрағанын жазған. Қолданушылардың бірі мұндай әңгіменің аудиожазбасын да жариялаған. Кейін ол жазбасын өшіргенін және үйіне құқық қорғау органдарының өкілдері келгенін мәлімдеді. Осыған ұқсас жағдайлар туралы өзге қолданушылар да айтқан. Бұл мәлімдемелердің барлығы полиция қызметкерлеріне тиесілі екені ресми түрде расталған жоқ.
Брифинг кезінде журналист осы жағдайға қатысты ІІМ ұстанымын сұрады.
"Сіз айтып отырған ақпаратты растамаймын. Полиция қызметкерлері ешқандай қоңырау шалмады. Ішкі істер органдары күшейтілген режимде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Қазір елдегі криминогендік ахуал тұрақты", – деді Санжар Әділов.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді