Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық блогер BikaBreezy Қытайда "Жылдың танымал әні" жүлдесін алды

BikaBreezy
Фото: Instagram.com/bikabreezy/

Көпшілікке BikaBreezy лақап атымен танымал қазақстандық блогер әрі әнші Биназир Ермағанбетова қытайлық рэпер JayTrue-мен бірге орындаған Bāshì әні үшін Қытайдағы музыкалық жүлдеге ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қос орындаушының туындысы Pop Songs Chart 2026 байқауында “Жылдың танымал әні” номинациясын жеңіп алды.

Bāshì биыл ақпан айында жарық көрген. Ән көп ұзамай әлеуметтік желілерде кең тарап, түрлі челлендждерге арқау болды. Кейін тректі Шанхайдағы клуб диджейлері де жиі қоя бастаған.

Жүлдеден кейін Биназир Ермағанбетова әлеуметтік желідегі парақшасында тыңдармандарына алғыс айтып, жетістікке жетудің басты шарттары туралы жазды.

“Ішкі күш, тәртіп, талант, өзіңмен тұрақты жұмыс істеу, икемділік, жауапкершілік және өміріңе дәл керек сәтте жолығатын адамдар міндетті түрде нәтижеге жеткізеді. Ең бастысы – алға жүре беру. Тіпті жол әлі көрінбей тұрса да”, – деді әнші.

BikaBreezy Қытай аудиториясына 2026 жылы The Rap of China музыкалық жобасына қатысқаннан кейін кеңінен таныла бастаған.

Еске салайық, бұған дейін BikaBreezy лақап атымен танылған әнші әрі блогер Биназир Ермағамбетова көршісінің ұрып-соққанын айтқан еді. Онымен қоймай ер адам бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтып қорқытқан. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 12:29