Оқу-жаттығу жиындары әскерилердің өміріне қауіп төндірмеуі тиіс – Депутат
"Әділет" партиясы фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке әскери және арнайы оқу-жаттығулар кезінде бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, мұндай жиындарда әскери қызметкерлер мен құтқарушылардың өмірі мен қауіпсіздігі басты орында тұруы керек.
"Ең маңызды мәселе – адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі. Әскери қызметкерлер мен құтқарушылардың қауіпсіздігі оқу-жаттығу кезінде сөзсіз басымдық болуы керек. Қандай жағдай болмасын, төтенше оқиға болған алғашқы минуттарда жедел әрекет ету жүйесі жұмыс істеуі тиіс. Оқу-жаттығу жеке құрамның өміріне қауіп төндірмеуі керек", – деді Аббат Өрісбаев.
Ол оқу-жаттығу өтетін аумақты дрондар арқылы үздіксіз бақылауды, әр қатысушыға нақты орналасқан жерін көрсететін электронды белгі немесе геолокациялық құрылғы тағуды ұсынды. Депутаттың сөзінше, мұндай құрылғыда құтқару белгісін қолмен жіберу мүмкіндігі болуы керек. Сондай-ақ адам құлап қалса, ұзақ уақыт қимылдамаса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруі тиіс.
Өрісбаев бұдан бөлек әскери қызметкерлердің денсаулық көрсеткіштерін, соның ішінде жүрек соғысын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін құрылғылар енгізуді ұсынды.
"Ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну деңгейі мен теңіз жағдайы орталық басқару пунктіне үздіксіз беріліп отыруы керек. Қауіп деңгейі белгіленген шектен асса немесе адамдардың өміріне қатер төнсе, оқу-жаттығудың қауіпті кезеңі бірден тоқтатылуы тиіс", – деді депутат.
Оның айтуынша, әр оқу-жаттығуға жеке қауіпсіздік жоспары жасалуы қажет. Онда қатысушылардың денсаулық жағдайы, ықтимал қауіптер, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі тиіс.
Депутат үкіметке үш ай ішінде оқу-жаттығуларға арналған бірыңғай қауіпсіздік стандартын әзірлеп, алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізуді ұсынды.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді
