Украинадағы атышулы колл-орталықтар ісінде Қазақстан аталды
Украинада алаяқтық колл-орталықтарына қатысты ірі қылмыстық істі қарау кезінде Қазақстанның аты аталды. Сотта Украина Бас прокуратурасы кеңсесінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысының орынбасары Сергей Кропиваның Қазақстанға қатысты әңгімесі жария болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Сыбайлас жемқорлықты тергеу қоры-бюросы" арнасына сілтеме жасап.
Кропива алаяқтық колл-орталықтарының жұмысына қамқорлық жасады деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол басқарды делінген қылмыстық ұйым колл-орталықтардың жұмысына кедергі келтірмеу үшін заңсыз сыйақы алып отырған. Кропива өзіне тағылған күдікті жоққа шығарады.
Қор мәліметінше, сотта Кропива мен "Харьков" футбол клубының президенті Богдан Бойконың 2026 жылғы 5 мамырдағы әңгімесі жарияланған. Бұл ақпарат украиналық "Суспільне Харків" басылымына сүйеніп таратылған.
Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, әңгіме Кропива мен оның айналасындағы адамдарға кедергі келтірген бәсекелес туралы болған. Оған Қазақстан арқылы шара қолдану үшін Украинадан ресми құқықтық сұрау жіберу қажет болған. Ал мұндай сұрау жіберуге негіз болуы үшін алдымен біреудің арыз жазғаны керек еді. Тергеу Кропива Бойкодан осындай арыз жазатын адам табуды сұраған деп есептейді.
"Ана жақтағы қазақтар хабарласты, олар әлгі "жаман адаммен" мәселені шешуге дайын. Бірақ бізден халықаралық құқықтық тапсырма жіберілгенін қалайды. Егер осы жерден арыз жазатын бір адам табылса болды. Оның қандай арыз болатынын ойластыру керек. Ойланып, адам тап", – деген Кропива.
Прокурор бұл әңгімені қылмыстық ұйымның жұмысына кедергі келтірген бәсекелестен құтылу әрекеті болуы мүмкін деп түсіндірген. Алайда Қазақстаннан нақты кімдермен байланыс болғаны айтылмайды. Олардың мемлекеттік органға, құқық қорғау саласына немесе басқа ұйымға қатысы бар-жоғы да белгісіз.
Қазір бұл іс "Карфаген" арнайы операциясы аясында тергеліп жатыр. Украина тергеу органдарының нұсқасы бойынша, күдіктілер алаяқтық колл-орталықтарының жұмысына кедергі келтірмеу үшін заңсыз сыйақы алып отырған. Тергеу Кропиваны осы қылмыстық ұйымды құрды және басқарды деп күдіктенеді.

Алтыншы қыркүйекте Украинаның Жоғары сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты Сергей Кропиваны қамауға алды. Сот оған қамаудан шығу үшін 120 миллион гривен көлемінде кепіл белгіледі.
Істе Богдан Бойконың да аты аталады. Айыптау тарапы оны колл-орталықтар желісімен байланыстырады. Бойко болса заңсыз әрекетке және алаяқтық колл-орталықтарына қатысы барын жоққа шығарды. Ол қылмыстық іс материалдарында адамның аты аталуы оның кінәсін дәлелдемейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Украина бұған дейін де алаяқтық колл-орталықтарына қатысты істер бойынша бірлесіп жұмыс істеген. Қор мәліметінше, 2026 жылғы 31 наурызда Украинаның Днепр қаласында Қазақстан, Украина және Еуропа одағы азаматтарына қарсы жұмыс істеген үш колл-орталықтың қызметі тоқтатылған. Операция кезінде 53 шетел азаматы ұсталып, оның сегізі қамауға алынған.
Қазақстандықтар 3600 орындық елордалық стадион мен "Бішкек Аренаның" қаражатын салыстырды