Доллар 440 теңгеден арзандады: Қаржы сарапшысы теңгенің нығаюына не әсер еткенін түсіндірді
Қазақстанда доллар бағамы 440 теңгеден төмендеп, соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда доллар бағамы 440 теңгеден төмен түсті. 29 қыркүйектегі күндізгі сауда қорытындысы бойынша америкалық валюта 439,37 теңге болды.
Қаржы сарапшысы Жәнібек Айғазиннің айтуынша, теңгенің нығаюына ішкі нарықтағы доллар ұсынысының артуы, шетелдік капиталдың келуі және Ұлттық қор операциялары әсер етіп отыр. Осылайша, нарықтағы доллар көлемі көбейіп, ұлттық валютаға қысым азайған.

Осы жағдайдың экономикаға әсері екіжақты. Бір жағынан, теңгенің күшеюі импорт бағасының төмендеуіне мүмкіндік береді. Екінші жағынан, қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылар үшін қиындық туындауы мүмкін дейді сарапшы.
AERC бас директоры Жәнібек Айғазиннің пікірінше, теңгенің нығаюы қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтағы бағасын қымбаттатып, өңделген экспорттың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі ықтимал.
"Екіншіден, ішкі нарықта жұмыс істейтін отандық өндірушілер үшін де мәселе туындайды. Өйткені импорт арзандайды. Сол импортты сатып алу үшін қажетті долларды алу үшін аз теңге жұмсалады", – деді AERC бас директоры Жәнібек Айғазин.
Айта кетейік, доллар соңғы рет мұндай деңгейге 2024 жылы түскен.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 қазаннан бастап ұзақ мерзімді валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме өсетінін жазған едік. Бір жылдан астам мерзімге ашылатын жинақ депозиттері үшін ең жоғары мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс долларлану деңгейінің төмендеуіне байланысты енгізіліп отыр. 2015 жылы валюталық депозиттердің үлесі 80% болса, 2026 жылғы 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 19,2%-ға дейін түскен.
Ресейлік IT-мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ ықтиярхат беріледі – Astana Hub себебін түсіндірді