Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина Турловтың Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайлануына наразылық білдірді

Тимур Турлов
Фото: FIDE

Украина шахмат федерациясы (УШФ) Тимур Турловтың Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті қызметіне сайланғанына наралызылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Федерацияның мәлімдемесінде кәсіпкердің 2022 жылдың қазан айынан бері “Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі енгізген және президент жарлығымен күшіне енген санкцияларға іліккені” айтылған.

"Интерфакс-Украина" агенттігінің мәліметінше, санкциялар енгізілгенге дейін Киевтегі "Freedom Finance Украина" компаниясы Украина қор нарығындағы ірі қатысушылардың бірі болған және Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp компаниясымен байланысты болған.

Санкциялардың енгізілуіне байланысты Турловтың компаниясы ең ірі акционер болған үш украиналық қор биржасының бірі – “Украина биржасы” лицензиясынан айырылған.

21 қыркүйекте Турлов әлеуметтік желідегі парақшасында FIDE басшысы болып сайланған жағдайда Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подолякқа вице-президент қызметін ұсынатынын жазды.

"Украина – әлемдегі ұлы шахмат державаларының бірі. Оның озық дәстүрлері тамаша ойыншылар мен жаттықтырушылардың қалыптасуына жол ашты. Ел үшін аса қиын кезеңге қарамастан, украин шахматы мықты күйінде қалып, халықаралық деңгейде құрметке ие", – деп жазды ол.

Турлов Подолякқа бұл қызметті ұсыну туралы шешімін былай түсіндірді:

"FIDE – әлемдік деңгейдегі ұйым. Сондықтан ол әлемде болып жатқан оқиғалардан оқшау жұмыс істей алмайды. Әртүрлі шешімдер қабылданып, талқыланған кезде Украина өз дауысына ие болуы керек", – делінген жазбада. 

Бұған жауап ретінде Подоляк ұсынысты қабылдайтынын және Турловтың "реформаторлық көзқарасын қолдайтынын" мәлімдеді.

Алайда Украина шахмат федерациясы Подоляктың бұл мәлімдемесіне наразылық білдірді.

Федерация Турловтан "Украина өкілін өз командасына делегат ету туралы ұсыныс алмағанын" және "Михаил Подолякқа УШФ атынан өкілдік етуге өкілеттік бермегенін" мәлімдеді.

"Михаил Подоляктың УШФ-ға және Украинадағы шахмат өміріне ешқандай қатысы жоқ. Ол УШФ-ға ешқашан көмектескен немесе қолдау көрсеткен емес, сондай-ақ FIDE-ге де ешқандай қатысы болмаған", – делінген мәлімдемеде.

Украина шахмат федерациясы белгілі бір елдің өкілдерін FIDE басшылығына енгізу үшін сол елдің ұлттық шахмат федерациясы ресми түрде ұсынуы қажет екенін де еске салды.

Сонымен қатар федерация ел басшылығынан, оның ішінде Украина президенті Владимир Зеленскийден "жағдайды бақылауға алуды" сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық кәсіпкер әрі қаржыгер Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланғаны туралы жазған едік. Турлов FIDE басшылығына келген Қазақстанның алғашқы өкілі. Тоқаев оған құттықтау жеделхатын жолдады.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 22:56