Депутат Дана Медеуова дәрігерлердің кәсіби мәртебесін заңмен қорғауды ұсынды
"Әділет" партиясы фракциясының депутаты Дана Медеуова дәрігерлердің кәсіби мәртебесін көтеру, еңбек жағдайын жақсарту және құқықтық кепілдіктерін күшейту қажеттігін айтты. Депутат осы бағытта "Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметіне берілетін кепілдіктер туралы" заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дана Медеуова үкімет басшысына және денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдап, онда бірқатар өзекті мәселені көтерді. Құрылтай депутаты пандемияның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсеткенін атап өтті.
"Ең бастысы – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігердің мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік аясында қарастырмауымыз керек. Дәрігердің мәртебесі – бұл биологиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Басым міндеттердің бірі – дәрігерлердің мәртебесін арттыру және осы мамандықтың беделін нығайту. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету – біздің басты назарымыздағы мәселе. Біріншіден, еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, медицина қызметкерлерін кәсібіне тән емес, бюрократиялық жұмыстардан босатуы қажет. Дәрігер шексіз есеп-қисап толтырумен емес, адам емдеумен айналысуы керек", – деп түсіндірді депутат Дана Медеуова.
Дана Медеуова "дәрігер" атауы заңмен қорғалуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл атаудың артында тиісті медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.
"Үшіншіден, кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Маңыздысы, жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, денсаулық сақтау жүйесінде қазірдің өзінде еңбек етіп жүрген мамандарды сақтап қалу керек. Төртіншіден, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төнген жағдайда дәрігер жылдам әрі дербес шешім қабылдап, әрекет ете алуы керек. Ол үшін нақты өкілеттіктер мен кәсіби шешімдері үшін құқықтық қорғау тетіктері қажет. Бұл және басқа да мәселелер жүйелі түрде шешуді талап етеді. Сондықтан мен "Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметіне берілетін кепілдіктер туралы" заң жобасын әзірлеуді ұсынамын.", – деді Дана Медеуова.

Ол коронавирус індетінің қандай сабақ бергенін айта отырып, медициналық жабдықты сатып алуға болады, дәрі-дәрмекті өндіруге немесе басқа елдерден алдыруға болатынын жеткізді.
"Алайда елге қауіп төнген кезде ақ халатты абзал жандарсыз қауқарсыз екенімізді көрсетті. Білікті дәрігерлерді даярлауға он жылға жуық уақыт қажет. Ал дайын дәрігерді осал жүйе бір күннің ішінде мамандығынан кетуге мәжбүр етуі мүмкін. Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақы салдарынан мамандығын тастап кетпеуіне және азаматтарымыздың игілігі үшін еңбек етуіне барлық жағдайды жасау", – деп сауал жолдады Құрылтай депутаты Дана Медеуова.
Дегенмен, бұған дейін "Ақ жол" партиясы "СҚ-Фармацияның" сатып алу рәсімдеріне қатысты объективті тексеру жүргізуді талап еткен еді. Депутаттардың айтуынша, бұған отандық өндірушілерге қойылатын талаптардың біркелкі қолданылмауы, адалдық қағидатын бұзғаны үшін тізімге енгізілген өнім берушілердің сатып алуға қатысу мүмкіндігі және 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдерінің заңдылығына қатысты сұрақтар себеп болған. Сонымен қатар кәсіпкерлердің "СҚ-Фармацияға" қатысты шағымдарының әлі де жалғасып жатқаны айтылған. Депутаттар осы мәселелерге құқықтық баға беріліп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы керек деп мәлімдеді.
Ресейлік IT-мамандарға қазақ тілінен емтихан тапсырмай-ақ ықтиярхат беріледі – Astana Hub себебін түсіндірді