Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша құрылысшылар да сот алдында жауап бермек

сот
Фото: Видеодан скрин

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты атышулы іс прокурорға қайтарылды. 23 жастағы жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс прокурорға қайтарылып, құрылысшылар да сот алдында жауап беруі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шешімді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Меруерт Абаева қабылдады. Ол жәбірленуші тарап өкілінің өтінішін қанағаттандырған.

Қаза болған Ұлдананың отбасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков бұған дейін тергеу соты Тәуелсіздік даңғылындағы үйді пайдалануға беруге қатысы бар құрылыс салушылар мен өзге де тұлғаларға қатысты істі қайта бастағанын айтты.

"Біз үшін шындық маңызды. Осы істерді қосып, біріктіруді сұраймыз. Алдағы уақытта басқа да тұлғаларды, мемлекеттік органдар өкілдерін, сондай-ақ құрылыс салушыларды жауапқа қатысты мәселеде сұрауды жоспарлап отырмыз. Сараптама қорытындыларын бүкіл халық көрді. Сондықтан істерді біріктіріп, әрі қарай процессуалдық шешімдер қабылдау үшін прокурорға жіберуді дұрыс деп санаймыз", – деді адвокат.

Құрылыс технологиясы бұзылған болуы мүмкін

Сот шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына да сүйенген. Сараптамаға сәйкес, нысанның опырылуына конструктивтік ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы қатар себеп болуы мүмкін.

"Істі тек мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Жұбаниязованың әрекеттерін бағалаумен шектеуге болмайды. Құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында опырылудың бірнеше ықтимал себебі, оның ішінде конструктивтік кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы көрсетілген", – делінген сот қаулысында.

Осыған байланысты сот үйдің опырылу жағдайын жан-жақты тергеп, оған қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру қажет деген қорытындыға келген. Алайда судья Меруерт Абаева маңызды жайтты атап өтті.

"Мұндай қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа да тұлғалардың кінәлі екендігі туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және болған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жіберілді", – деді судья.

Іс бойынша не белгілі

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр. Сотталушы ретінде үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова қатысып отыр. Іс Қылмыстық кодексінің 254-бабы "Міндеттеріне жосықсыз қарау" бойынша қаралып жатыр.

Сот отырыстарында марқұмның жұбайы мен анасы, зардап шеккендер, куәгерлер, құрылыс саласының мамандары және сотталушы жауап берді. Іс материалдарын зерттеу барысында үйдің қасбетіндегі проблемаларға қатысты куәгерлердің көрсетулері тыңдалып, техникалық сараптама қорытындысы жарияланды. Сараптамада ғимарат қасбетінің құлауына әкелген себептер көрсетілген. Бұған дейін құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева үйдегі жобалық сәйкессіздіктерді "баяу әсер ететін минаға" теңеген. Ал техникалық қадағалау маманы Денис Воробьев қасбеттегі ақау белгілері құлау оқиғасына дейін пайда болғанын айтқан.

17 қыркүйекте тергеуші сотта Сәуле Жұбаниязова МИБ төрайымы қызметін атқарған кезеңде қажетті жұмыстарды орындамағанын мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 17:38