"Қолымнан ештеңе келмеді": Актер Жанболат Найзабеков анасының арманы туралы айтып, көз жасына ерік берді
Танымал актер Жанболат Найзабеков анасының көру қабілетіне байланысты отбасында болған ауыр сәтті еске алды. Ол мұны Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актердің сөзінше, бесінші ұлы дүниеге келген кезде анасы немересін көруге келген. Алайда көзі нашар көретін анасы сәбиді көре алмай, қынжылған.
“Бесінші ұлым дүниеге келген кезде анам үйге келді. Залда отырып “Немеремнің даусын естимін, бірақ өзін көре алмай отырмын. Түк көрмеймін” деді. Сол сәтте қатты қиналдым. Бірдеңе жасағым келеді, бірақ қолымнан ештеңе келмейтіндей сезіндім. Бұл да бір сынақ”, – деді актер.
Жанболат Найзабеков әкесінің кезінде айтқан сөзін де еске алды. Оның әкесі көз дәрігері болған екен.
“Әкем “ұста пышаққа жарымайды” деп отыратын. Өзі көз дәрігері бола тұра, “әйелімнің көзі көрмейді” дейтін”, – деп бөлісті ол.
Актер анасының Дубайға баруды армандағанын да айтып өтті. Бір кездері анасы баласына жағдайы түзелген кезде сол жаққа апаруын өтінген.
“Анам “Балам, байыған кезде Дубайға апаршы” дейтін. Мен “апарамын” деп жауап беретінмін. Қазір апаруға мүмкіндігім бар. Бірақ анам оны көре алмайды. Адамның амалсыз қалуы деген осы шығар”, – деді актер.
Бұл әңгіме сұхбат жүргізген Ләйлә Сұлтанқызына да әсер етіп, ол көз жасына ерік берді.
Еске салайық, бұған дейін Жанболат Найзабеков төрт рет ұшу уақытын ауыстырған әуе компаниясын сынағаны хабарланған еді.
Шымкенттік әйел өзін күйеуі мен енесі ұрып-соғып, екі баласымен үйден қуып жібергенін айтты
