"Қатаң жаза жас жігіттерді ұзақ мерзімге соттауға әкеліп жатыр": Қырғызстан депутаты ұсыныс айтты
Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты Айсарақан Әбдібаева 16 жасқа дейінгі қыздарды зорлаған педофилдерге жазаны жұмсарту бойынша ұсыныс жасады. Атап айтқанда, Абдибаева Қылмыстық кодекстің 154-бабының 1-бөлігі ("Зорлау") және 157-бабы ("16 жасқа толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер") бойынша пробациялық бақылау қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сонымен қатар депутат Қылмыстық-процестік кодекске тараптардың татуласуына байланысты процестік келісім жасау туралы нормалар енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай тетіктер бұрын болған. Кейін әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында олар заңнамадан алынып тасталған. Депутаттың пікірінше, қолданыстағы қатаң нормалар кей жағдайда жас адамдарға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға әкеліп отыр.
Осы тұста бұған дейінгі болған оқиғалардың бірін тілге тиек етті. Жас жігіт 16 жасқа дейінгі жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп, кейін ол 15 жылға сотталған. Екі тарап арасында келісім болған және қыз жігітке 19-да екенін айтқан. Депутат сондай-ақ кәмелетке толған адамның жасөспірімнің 16 жасқа толмағанын білмеген жағдайларына қатысты заңнаманы нақтылауды ұсынды.
Бас прокурордың орынбасары Үмітқан Қоңқубаева 154-бап бойынша осындай тетіктерді қолдану мәселесін талқылауға болатынын айтты. Ол үшін тиісті заң жобасы Жоғарғы Кеңеске енгізіліп, қоғамдық талқылаудан өтуі қажет. Алайда ол 157-бап бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейтінін атап өтті. Себебі бұл бап 16 жасқа толмаған жәбірленушілерге қатысты және олардың құқықтарын мемлекет қорғайды. Мұндай жағдайда қарсы арыз беруге де болмайды. Жоғарғы сот төрағасының орынбасары Нұрлан Мусаев Жоғарғы сот бұған дейін осыған ұқсас заң жобаларына теріс қорытынды бергенін айтты.
Депутат келтірген нақты іске қатысты Мұсаев істің барлық мән-жайын зерттемей пікір білдіре алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қолданыстағы заң мұндай жағдайларға байланысты жазаны жеңілдетуге мүмкіндік бермейді. Депутат Сүйүнбек Өмірзақов та бұған дейін заңнаманы қатаңдатуға қарсы болғанын айтты. Оның сөзінше, тиісті өзгерістер қоғамда резонанс тудырған қылмыстардан және кең қоғамдық талқылаудан кейін қабылданған.
Қоғам пікірі
Аталмыш оқиғаға қатысты Қырғызстан азаматтары өздерінің пікірін білдірді. Олар депутаттың бұл шешіміне түбегейлі қарсы. Депутаттың ұсынысына қатысты пікір білдіріп, оны қылмыскерлерді қорғады деп айыптаған.

Кейбір қолданушылар депутаттың мұндай ұсыныс жасауына наразылық білдіріп, оның педофилия мен зорлық-зомбылық жасаған адамдардың құқықтарын қорғауға тырысып жатқанын жазған. Тағы бір қолданушы Қытайда педофилдерге қатаң жаза қолданылатынын айтып, Қырғызстанға да қылмыскерлерді қатаң жазалау тәжірибесін қарастыру қажет деген пікір білдірген. Сондай-ақ әлеуметтік желіде депутаттың әрекетіне байланысты депутаттық мандатынан айыру рәсімін бастау және қол жинау туралы ұсыныстар айтылған. Авторлардың бірі депутатты "халықтың пікірін білдіруге құқығы жоқ" деп сынаған.
157-бап бойынша 16 жасқа толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған кәмелетке толған адамға, егер әрекетте зорлау немесе өзге де көрсетілген қылмыс белгілері болмаса, 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі толық мемлекет қамтамасыз ететін қазақстандықтарға зейнетақының 70 пайызын төлеуді тоқтату туралы жоба әзірледі.
Шымкенттік әйел өзін күйеуі мен енесі ұрып-соғып, екі баласымен үйден қуып жібергенін айтты
