Дәрігерлердің қателігінен әйел бейтаныс ер адамнан бала көтерген
АҚШ-та Натали және Джош Стронг есімді ерлі-зайыпты экстракорпоралды ұрықтандыру жасатқан клиниканы сотқа берді. Олардың сөзінше, дәрігерлер рәсім кезінде басқа ер адамның генетикалық материалын пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ерлі-зайыпты бала сүю үшін Brown Fertility клиникасына жүгінген. Кейін Натали қыз баланы дүниеге әкелген. Алайда сәби туғаннан кейін отбасы күтпеген жайтқа тап болған.
Қан сараптамасы кезінде баланың қан тобы ата-анасының көрсеткіштеріне сәйкес келмейтіні анықталған. Наталидің қан тобы – бірінші теріс, Джоштікі – екінші теріс, ал олардың қызының қан тобы үшінші оң болып шыққан.
Алғашында ерлі-зайыпты Джош өз қан тобын қате білуі мүмкін деп ойлаған. Алайда қайта тексерілген сараптама оның қан тобы дұрыс екенін растаған.
Осыдан кейін жұп ДНҚ тестін тапсырып, Джоштың баланың биологиялық әкесі емес екенін білген. Ерлі-зайыпты бұған клиника қызметкерлерінің қателігі себеп болды деп есептейді. Олар Наталиге белгісіз ер адамның генетикалық материалы қолданылған деп есептейді.
“Бұл жағдай бізді қатты күйзелтті. Бір күні мұны қызымызға қалай айтамыз деген ойдың өзі ауыр. Баламыз дүниеге келген кездегі қуанышымызға да көлеңке түсті”, – деді Натали.
Қазір қыз бір жас үш айға толған. Алайда отбасының айтуынша, клиника өкілдері болған жағдайға қатысты әлі нақты жауап бермеген.
“Мұнымен өмір сүру оңай емес. Бірақ біз қызымызды өте жақсы көреміз”, – деді Джош.
Ерлі-зайыпты клиникадан жауап талап етіп, сотқа жүгінген.
Шымкенттік әйел өзін күйеуі мен енесі ұрып-соғып, екі баласымен үйден қуып жібергенін айтты
