Шымкенттік әйел өзін күйеуі мен енесі ұрып-соғып, екі баласымен үйден қуып жібергенін айтты
Шымкент тұрғыны Түймегүл Мейірхан күйеуі мен енесінің өзін соққыға жығып, екі баламен үйден қуып шыққаны туралы жазды. Ерлі-зайыптының арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Күйеуім мен енем ұрып, екі баламмен көшеге қуып шықты. Балалардың және өзімнің жеке заттарымды, әшекей бұйымдарымды, төркінім алып берген және өзім алған бағалы заттарымды бермей отыр. Полициямен бірге барсақ, заттарымның тек жартысын беріп, қалғанын бермей, үйдің есігін құлыптап, ашпай қойды", – делінген желіде тараған жазбада.
Редакция жәбірленушінің өзімен тілдесіп көрді. Әйелдің айтуынша, күйеуі екеуінің арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болған.
“Күйеуім көзімді көгертті. Бір адамнан кітап алған едім. Бәрі содан басталды. Ал бетімді қызартып, шашымды жұлған – енем. Бұл 28 қыркүйек күні болған жағдай. Енем мені жұмысқа шығара алмай әлек. “Күйеуің екеуің балаларды маған тастап, Оңтүстік Кореяға жұмысқа барыңдар” деді. Мен балалардың әлі кішкентай екенін, өзімнің де тіл білмейтінімді, шетелде жұмыс істеуге дайын емес екенімді айттым. Сол үшін бетіме түкіріп, боқтап, шашымнан сүйреп, үйден қуып шықты”, – дейді Түймегүл.
Айтуынша, үйден кеткелі күйеуі іздеп келмеген. Күйеуінің өзін бірнеше рет тастап кетіп, опасыздық жасаған жағдайлардың болғанын жасырмады.

Күйеуі мен енесінен қорлық көрген әйел сол күні-ақ полицияға арыз жазған. Құзырлы орган шағымды қабылдап, істің қарастырылып жатқанын айтқан. Алайда жәбірленушінің енесі “келінім бопсалап, пышақ тақады” деп полицияға қарсы арыз түсірген. Әйелдің сөзінше, ол дәрігерге барып, жалған анықтама жаздырып алған. Осылайша полиция “сараптаманың қорытындысын күтеміз” деп ештеңе істей алмай отыр дейді жәбірленуші.
Қазір әйел екі баласымен әпкесінің үйін паналап отыр. Балалардың үлкені 3 жаста, кенжесі 1 жас 10 айлық.
Сондай-ақ күйеуі Түймегүлдің атынан 1 миллион 300 мың теңге несие алған. Оны да әйелдің өз төлеп отыр.
“Күйеуім менің атымнан кредит, бөліп төлеуге заттар алып тастаған, ештеңе төлемей отыр. Ол ақшаға көлігінің ай сайынғы несиесін төледі, телефон алды, иіссуды да бөліп төлеуге алған. Қазір соны өзім төлеп отырмын”, – дейді Түймегүл Мейірхан.
Болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы полиция департаменті пікірі білдірді.
“Шымкент қаласында туыстар арасындағы отбасылық жанжал бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Екі тарап бір-біріне қатысты дене жарақатын келтіру туралы полицияға арызданды”, – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік костюмін көрсетті