Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел жалған клиника арқылы 16 миллион теңге зейнетақы жинағын шығарған

Теңге
Фото: Stan.kz

Қостанай облысында 16 миллион теңгеден астам зейнетақы жинағын заңсыз аудару дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Меңдіқара аудандық соты материалдық сыйақы үшін төлем құралын пайдаланып, үшінші тұлғалардың пайдасына ірі мөлшерде ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асырды деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот мәліметінше, айыпталушы 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылдың қаңтарына дейін жеке кәсіпкерлігінің (ЖК) медициналық қызмет көрсетуге қажетті лицензиясы жоқ екенін біле тұра, банктен бірыңғай зейнетақы төлемдерінің түсуіне байланысты ақша операцияларын ұйымдастырған.

Зейнетақы төлемдерін алушылармен жасалған шарттарда көрсетілген медициналық қызметтер іс жүзінде көрсетілмегені анықталды. Ақша қаражаты ЖК-нің есепшоттарына түсіп, кейін төлем құралы арқылы алушылардың өздеріне немесе олар көрсеткен банк шотттары бойынша басқа тұлғаларға қайта аударылған.

Мұндай аударымдарды жүзеге асырғаны үшін әйел материалдық сыйақы алып отырған.

Заңсыз ақша аударымдардың жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асқан. 

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындауын, жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, кәмелетке толмаған балаларының болуын және кінәсін мойындап, өз еркімен келгенін ескерді.

Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот әйелге 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ сотталушыдан мемлекет кірісіне заңсыз алынған 16 432 000 теңге табыс өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдік беру тетігі өзгеретіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 18:40