"Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар": Рамазан Амантай сын айтқандарға жауап берді
Танымал актер, композитор әрі режиссер Рамазан Амантай сыртқы келбеті мен салмағына қатысты сын айтатындарға үн қатты. Ол көрерменнен дене бітіміне емес, шығармашылық еңбегіне баға беруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Рамазан Амантай желідегі парақшасында жазба жариялап, өнерге бар ғұмырын арнағанын айтып, осы уақытқа дейін 12 кино түсіріп, 600 ән жазғанын жеткізді. Оның сөзінше, туындылары касса жинамаған кездерде де өзі сүйетін істен бас тартпаған.
“Не істейін? Өнерді тастайын ба? […] Мен өнерді сүйемін, түсірген кином атпай қалды екен деп, касса жинамады деп ешқашан өзім жақсы көретін істен бас тартпадым”, – деп жазды ол.
Амантай салмағы мен денсаулығы өзін де алаңдататынын жасырмады. Сонымен бірге көрерменнің пікірі мен айтқан әрбір сөзі өзі үшін маңызды екенін атап өтті.
“Менің басқа аудиториям жоқ”
Рамазан Амантай қазақ тілінде контент жасауды мақтаныш санайтынын айтты. Ол шығармашылығы арқылы ана тілінің дамуына үлес қосқысы келетінін жеткізді.
“Қазақтың өзіне тән әзілі, өзіне тән сөзі, өзіне тән әні мен өнері болуы керек деп ойлаймын. Жақсы шықса да, қате кетсе де – мен осы тіліміздің дамуына өз еңбегімді қосып жүргенімді сезінемін”, – деді Амантай.
Оның айтуынша, фильмдері мен әндерінің қазақ тілінде болуы да – саналы таңдауы. Өнер иесі өз тілінде сөйлеп, өз тілінде шығармашылықпен айналысқысы келетінін атап өтті. Ал сын айтатын жандарға реніштен гөрі көрерменіне деген ықыласын білдірген.
“Не айтсаңыздар да, мен сіздерді жақсы көремін. Себебі менің көрерменім де, тыңдарманым да – өздеріңіз. Менің басқа аудиториям жоқ”, – деп жазды ол.
“Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен”
Жазба соңында Рамазан Амантай шығармашылығында қателесуі, кей туындысының көрерменге ұнамай қалуы мүмкін екенін мойындады. Алайда қазақ тілінде өнер жасауға деген ниетінен ұялмайтынын айтып, жұртшылыққа өтінішін жеткізді.
“Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар. Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен”, – деді Рамазан Амантай.
Еске салайық, бұған дейін Рамазан Амантай арықтауға уәде бергені хабарланған еді.
Таразда дәрігерді пациентінің бұрынғы күйеуі ұрып өлтірді деп айыпталды