Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тек гүл егесіз деді": Ұлдана Мырзуан ісі бойынша айыпталушы сотта көз жасына ерік берді

Фото: ҚР Жоғары Соты

Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы Сәуле Жұбаниязова МИБ-тің бұрынғы төрайымы Гүлжаухар Ахметовадан құжаттарды қалай қабылдап алғанын және қызметіне қалай кіріскенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  хабарлайды.

Жұбаниязованың айтуынша, ол 2020 жылдан бері осы үйде балаларымен және анасымен бірге тұрады. 2025 жылы МИБ-тің бұрынғы төрайымы Гүлжаухар Ахметова пәтерін сатуға шешім қабылдап, үйге қатысты құжаттарды оған тапсырған.

"Ол құжаттарды маған шұғыл түрде кешкі сағат 22:00 шамасында тапсырды. Барлығы бес құжат болды. Олардың арасында кондоминиумға, бейнебақылауға, жаңа лифтіге қатысты келісімшарттар, мердігерлермен жасалған шарттар, техникалық паспорт және оның телнұсқасы болды", – деді Жұбаниязова.

Айыпталушы құжаттарды алғаннан кейін қабылдау-тапсыру актісіне қол қойғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде Ахметова үйдің жағдайы жақсы екенін және қажетті жұмыстардың барлығы орындалғанын жеткізген.

"Ахметова құжаттарды тапсырған кезде үйдің жағдайы өте жақсы екенін, барлық жұмысты істеп  қойғанын айтты. "Сен тек гүл егіп жүресің", – деді", – деп мәлімдеді Жұбаниязова.

Кейін тұрғындардың жиналысы өтіп, Жұбаниязова МИБ төрайымы болып сайланған.

 "Техникалық қорытынды туралы апаттан кейін білдім"

Жұбаниязованың сөзінше, 2017 жылы үйге техникалық зерттеу жүргізілгенінен қасбет құлағанға дейін хабары болмаған. Ол мұндай құжаттың бар екенін 12–13 қараша шамасында тұрғындар чатындағы жазбадан білгенін айтты.

Оның айтуынша, тұрғындардың бірі МИБ-тің бұрынғы төрайымы Гүлжаухар Ахметовамен сөйлескеннен кейін үйге бұрын техникалық зерттеу жүргізілгенін чатта жазған. Осыдан кейін 14 қарашада Жұбаниязова тұрғындармен бірге аталған қорытындыны әкімдіктен сұратқан.

Сотта қорғаушы Жұбаниязова мен тұрғындардың 2017 жылғы техникалық қорытындыны әкімдіктен сұратқаны туралы өтінішті іс материалдарына тіркеуді сұрады. Қорғау тарапы мұны Жұбаниязованың құжаттан бұрын хабарсыз болғанын дәлелдейтін мән-жай ретінде көрсетті. Олардың уәжінше, егер айыпталушы техникалық қорытындыны бұрыннан білген болса, апаттан кейін оны әкімдіктен ресми түрде сұратпас еді.

Алайда сот өтінішхатты қанағаттандырмады. Судья құжатта көрсетілген күннің нақтыланбағанына және әкімдікке жолданған өтінішке берілген жауаптың сотқа әлі ұсынылмағанына назар аударды. Сот жауап алынғаннан кейін қорғау тарапы бұл мәселе бойынша қайта өтінішхат бере алатынын түсіндірді.

Жұбаниязова МИБ төрайымы болғаннан кейін үйдің шатырына қатысты да шара қолданғанын жеткізді. Оның сөзінше, Ахметова бұған дейін шатырды жөндеген маманның байланыс нөмірін берген. Жұбаниязова сол маманды шақырып, шатырды қайта тексеруді сұраған.
Айыпталушының айтуынша, тексеруден кейін маман шатырда ақау жоқ екенін айтқан.

"Үйде қазір апатты жағдай қалыптасып жатыр"

Жауап алу кезінде Жұбаниязова өзі де осы үйдің бірінші кіреберісіндегі бесінші қабатта анасы және екі баласымен бірге тұратынын айтты. Оның сөзінше, шамамен екі апта бұрын пәтерінде жарық пайда болып, кейін ұлғая бастаған.

"Түнде бір дыбыс болды. Көз алдымда төбеде кішкентай жарық пайда болғанын көрдім. Таңертең тұрғындардан, әсіресе тоғызыншы қабатта тұратындардан бірдеңе естідіңіздер ме деп сұрадым. Сол кезде мендегі жарық та үлкейе бастады", – деді ол сотта.

Оның айтуынша, осыдан кейін тұрғындар ТЖМ қызметкерлерін шақырып, бірінші кіреберістің қауіпті бөлігін қоршауды сұраған.

"Қазір ол жерде апатты жағдай қалыптасып жатыр. Кеше кіргенімде екінші қабаттағы пәтердің қабырғасында да жарық пайда болғанын көрдім. Қабырға мен төбе түйіскен тұста ажырау байқалады. Бірінші қабаттағы пәтердің иесі де жөндеу кезінде шағын жарық болғанын чатта жазды", – деді Жұбаниязова.

"Мен бұл қайғылы жағдайға кінәлі емеспін"

Жауап алудың бірінші кезеңінің соңында Жұбаниязова соттан МИБ төрайымы ретіндегі қызметі мен Ұлдана Мырзуанның қазасына әкелген оқиғаның арасын ажыратып, істің барлық мән-жайын жан-жақты қарауды сұрады.

"Құрметті соттан істің барлық мән-жайын анықтап, менің МИБ төрайымы болғаным мен осы қайғылы жағдайды ажыратып қарауды сұраймын. Мен бұл жағдайға кінәлі емеспін деп есептеймін. Мен тек осы үйді қабылдап, төрайым болғаным үшін балаларым мен анамның алдында өзімді кінәлі сезінемін. Балаларыма дені сау, бақытты, жанында жүрген ана керек. Сондықтан соттан істің барлық мән-жайын ескеріп, әділ үкім шығаруын сұраймын", – деді айыпталушы.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үй ғимаратының сыртқы қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен еді. Оқиға орнына көмек көрсетуге барған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, Ұлдана 18 қарашада көз жұмды. Кейін марқұмның күйеуі оқиғаға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап етті.

Stan.kz
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 12:23