Қарағандыдағы колледжде шу шықты: 100-ге жуық талапкер грантсыз қалған
Қарағандыда колледжге грантқа түсе алмаған балалардың ата-аналары наразылық білдірді. Ата-аналардың айтуынша, түлектерге оқуға түсуге уәде етілген. Алайда оқу жылы басталарда таңдаған мамандықтарына грант бөлінбегені белгілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандылық Оксана Матвееваның қызы 9-сыныпты бітірген. Мұғалімі оған техник-бағалаушы мамандығына оқуға түсуге кеңес берген. Колледждің жарнамасында талапкерлердің қабылдау емтиханынсыз оқуға түсетіні және шәкіртақы алатыны айтылған. Сөйтіп маусым айында грантқа қажетті құжаттарды тапсырған. Колледж өкілдері барлық студентті 25 тамызда жинайтынын айтқан. Алайда сол күні де, кейін де ешқандай ақпарат берілмеген. Оксана грант берілмейтінін тек 4 қыркүйекте білген.
“25 маусымда барлық құрылтайшыларды басқармаға жинап, мұндай мамандықтарға грант болмайтынын айтқан екен. Яғни біздің мамандықтарымыз грантқа ілінбеді. "Есеп және аудит" мамандығына да грант бөлінбеген. Олар мұны бастапқыдан білген, бірақ неге екенін білмеймін, бізге ешкім айтпады”, – дейді Оксана Матвеева.
Егер алдын ала ескерткенде, қызым басқа мамандыққа грантқа түсуге үлгеретін еді дейді ол.
Букенов атындағы Жоғары колледж өкілдері бұл мамандықтар мемлекеттік тапсырыс бөлінетін мамандықтар тізіміне енгізілгенін айтты. Алайда тамыз айында кейбір мамандықтарға грант тек бір оқыту тілі бойынша бөлінгені белгілі болған. Нәтижесінде 100 адам грантсыз қалса, тағы 69 талапкердің мәселесі әлі шешілмеген.
“Қабылдау комиссиясында соңына дейін бұл талапкерлерді қамтып, олардың конкурсқа қатысуына мүмкіндік болады деп үміттендік. Бірақ база жабылып қалғандықтан, қазір ешкімді енгізе алмаймыз. Біз ата-аналардан кешірім де сұраймыз және бұл жерде біздің де қателігіміз бар екенін түсінеміз”, – дейді Букенов атындағы Қарағанды жоғары колледжінің директоры Надия Спанова.
Грантсыз қалған талапкерлердің арасында үздік оқушылар, жетім балалар және қамқорлықтағы балалар да бар. Барлығына колледжде ақылы негізде 50 пайыздық жеңілдікпен оқу ұсынылып отыр.
“Биыл ең көп сұранысқа ие мамандықтарды қамту міндеттелді. Бұл – жұмысшы мамандықтар, әсіресе қазір облысымызға қажет өнеркәсіптің барлық бағыттары бойынша мамандар”, – дейді Қарағанды облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
2025 жылдан бастап Қазақстанда елде сұранысқа ие жұмысшы және техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Оқу мемлекеттік гранттар негізінде жүзеге асырылады. Гранттар құжаттар конкурсы арқылы бөлінеді және міндетті түрде 9-сыныптан кейінгі аттестаттың орташа балы ескеріледі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды
