Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды
Әлеуметтік желіде Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы “Көк бөрі” ойыны кезінде аузы жараланып, қанаған жылқының жағдайы қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары көкпаршыны жылқыны мүшкіл күйде жеткізді деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан тараған кадрлар әлеуметтік желіде наразылық туғызды. Желідегілер жылқының мүшкіл жағдайына алаңдап, шабандоздың оған жасаған қарым-қатынасын сынға алды. Ежелден көшпенділер жылқысын құрметтеген. Оған жарақат салмаған. Желі қолданушысы жылқыны сатып алуға дайын екенін айтып, оны табу үшін көмек сұрады. Оқиғаның мән-жайы мен жануардың қазіргі жағдайы әзірге белгісіз”, – деп жазды жазба авторы.
Сондай-ақ желі қолданушылары шабандоздың жауапкершілікке тартылуын сұрады.
“Мынаны спорттан шеттетіп, медалінен айыру керек”, “Қазақстандық спортшы осындай қатыгездік көрсетті”, “Қазақстандық шабандоз бар ашуын жануардан алды”, “Қылмыстық жауапкершілікке тартылсын”, – деп жазды желідегілер.
Алайда еліміздің Көкпар федерациясы “жылқының аузы шабандоздың әрекетінен қанады” деген ақпаратты жоққа шығарды. Федерация өкілі мән-жайды түсіндірді.
“Кей жылқылар үшін ауыздық ыңғайсыз болады. “Көк бөрі” ойыны кезінде жылқы ауыздықты тілімен итере бергендіктен тілін тістеп алған. Сөйтіп жараланған. Оның медициналық анықтамасы да бар. Ойын біткен соң жылқыға медициналық көмек көрсетіп, қанды тоқтатты. Жануардың қазіргі жағдайы өте жақсы”, – деп мәлімдеді федерация өкілі.
Сондай-ақ ол Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы “Көк бөріге” және “Көкпарға” өз жылқыларын апарағынын атап өтті. Қазақстандық шабандоздар мінген аттар Қырғызстанға тиесілі емес екенін мәлімдеді.
Еске салайық, Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Бір аптаға созылған дүбірлі доданың соңы жеңісті бөлісе алмай, таласпен аяқталған еді. Себебі екі елдің алтын медаль саны әртүрлі есептелген.
Бәрі неден басталды?
6 қыркүйек күні жеті күнге созылған көшпенділер ойындары аяқталды. Қазақстанның туризм және спорт министрлігі біздің елдің құрамасын жеңімпаз деп таныды. Олардың мәліметінше, қазақ спортшылары 74 медаль жеңіп алған: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола. Ал 30 алтын медаль алған Қырғызстан екінші, жеті алтынмен Ресей үшінші орынға жайғасқан.
“Ойындар қорытындысы бойынша, қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты”, – делінген министрлік жазбасында.
Десе де Қырғызстан тарапы медаль есебін басқаша жүргізген. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұр. Кейін бұл талқыға түсіп, ол Instagram парақшадан екі рет өшірілді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды
