Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйі қайтадан даудың ортасында қалды

DoubleTree by Hilton
Фото: booking.com

Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйі қайтадан даудың ортасында қалды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи нысанды заңсыз иемдену әрекеттері жасалып жатқанын мәлімдесе, Бас прокуратура қонақүйді мемлекет меншігіне қайтару және сот шешімдерін орындау жұмыстары заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүй кешегінің айналасындағы дау қайта күшейді. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи нысанды қазіргі иелерінен заңсыз тартып алу әрекеттері жасалып жатқанын мәлімдесе, Бас прокуратура бұл тек сот шешімдерін орындау және мемлекет меншігін қайтару рәсімі екенін айтты. 

Депутаттың сөзінше, қонақүй бұрын Қайрат Сатыбалдыұлы құрылымдарының бақылауында болған. Оның пікірінше, нысан мемлекетке қайтарылғаннан кейін де түрлі схемалар арқылы Сатыбалдыұлымен байланысы бар компаниялардың иелігінде қалып қойған.

Бәпи қонақүйдің нарықтық құны 11 миллиард теңгеден асатынын, алайда мемлекетке шамамен 4 миллиард теңгеге бағаланып өткізілгенін сынға алды. Оның айтуынша, кейін оны аукцион арқылы төмен бағамен қайта сатып алу әрекеттері болуы мүмкін. Сондай-ақ депутат қонақүй иелеріне 4,5 миллиард теңге көлемінде салық қарызы тағылғанын және 250-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалу қаупі барын мәлімдеді.

Алайда Бас прокуратура бұл айыптауларды растамады. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлы DoubleTree by Hilton кешенін сыйға тарту шарты арқылы мемлекетке өткізген. Кейін қонақүйді босату туралы талап арыз сотта қанағаттандырылып, шешім заңды күшіне енген.

Сот шешімдеріне қарамастан, нысанды пайдаланушы компаниялар қонақүйді босатпағандықтан атқарушылық іс жүргізу басталған. 2026 жылдың маусымында сот актісін орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бас прокуратура мемлекеттік органдар заң аясында әрекет еткенін және үшінші тұлғалардың мүддесін қорғау белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін DoubleTree by Hilton қонақүйі мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес ашық саудаға шығарылмақ.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке өтемақы ретінде 700 миллиард теңгеден астам қаржы мен активтерді қайтарған. Олардың қатарында DoubleTree by Hilton қонақүйі, Kaisar Plaza, Kaisar Towers, "Байсат" базары және басқа да ірі коммерциялық нысандар бар. 

  • Алматының ескі орталығында орналасқан Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы 33,5 миллиард теңгеге бағаланған.
  • Оның қарсы бетіндегі Kaisar Towers бизнес-орталығының құны 7,9 миллиард теңгені құрайды.
  • DoubleTree by Hilton қонақүй ғимараты 6,49 миллиард теңгеге бағаланған.
  • Қаланың жоғарғы бөлігіндегі "АрСат" бизнес-орталығының құны 8,9 миллиард теңге.
  • Maisat бизнес-орталығы 5,2 миллиард теңгеге бағаланған.
  • Жасыл базар аумағындағы "Мегатау" сауда үйінің құны 8,9 миллиард теңге.
  • Барахолкадағы "Байсат" базары 15,9 миллиард теңгеге бағаланған.
  • Астанадағы "Оптимум" бизнес-орталығының құны 3,2 миллиард теңге.

Сондай-ақ Алматы, Астана және Ақмола облысындағы жеке үйлер мен резиденциялар да мемлекетке қайтарылған. Олардың құны 3,34 млрд теңгеден 31,3 миллиард теңгеге дейін бағаланған.

2022 жылы ол мүліктік зиян келтіру және қаражат жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған. 2024 жылы сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи қонақүйді күшпен басып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеп, оның артында "Ескі Қазақстанның сарқыншақтары" тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бұрын Қайрат Сатыбалдыға қатысы болған нысан мемлекетке қайтарылғанымен, енді түрлі схемалар арқылы қайта бақылауға алынбақ. Депутат қонақүйдің нарықтық құны төмендетіліп бағаланғанын да сынға алды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 10:23