Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел автобусқа "тұрмысқа шыққанын" мәлімдеді

Лизбет Патиньо
Фото: Mirror

Колумбияның Богота қаласында тұратын 35 жастағы Лизбет Патиньо №60 бағытта жүретін қызыл TransMilenio автобусына ғашық болып, онымен символикалық түрде “некелескенін” айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mirror-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Әйелдің сөзінше, ол бұл рәсімді көпшілікке жарияламай өткізген. Лизбет ақ көйлек киіп, торт пен інжу тасты сақина сатып алған. Тойға небәрі бір адам қатысқан. Кейін ол автобуспен “одақ құрғанын” растайтын құжатты өзі әзірлеген.

“Жұбайының” жанында көбірек болу үшін Патиньо медбике болып істейтін ауруханасынан жұмыстан шығып, автобус депосына тазалықшы болып орналасқан.

“Маған сол жерде жүргеннің өзі бақыт”, – дейді ол.

Лизбет өзін “жар міндетін атқарып жүрмін” деп санайды. Бір жолы автобустың терезесін сындырған жолаушымен жанжалдасып қалған. Ал өткен айда денесіне сүйікті автобусының бейнесін татуировка етіп салдырған.

Патиньо бұл оқиғаны жұртқа жариялауға мәжбүр болғанын айтады. Оған Боготада метро құрылысына байланысты №60 бағыттың жабылып қалуы мүмкін деген қауіп себеп болған.

“Өзімді дәрменсіз сезінемін. Бұл маған қатты ауыр тиеді”, – дейді әйел.

Енді ол заңгерлерден, құқық қорғау ұйымдарынан және осындай ерекше қарым-қатынасты бастан өткеріп жүрген адамдардан қолдау іздегісі келеді.

Дегенмен Лизбет болашақта ер адаммен де қарым-қатынас құру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ әзірге жүрегі №60 бағыттағы TransMilenio автобусына тиесілі екенін айтады.

Лизбет Патиньо
Фото: Mirror

Әйелдің сөзінше, жансыз заттарға ерекше эмоционалдық байланыс орнатуы бала кезінен басталған. Ол 10 жасында-ақ №2200 Trans Sandoná қалааралық автобусына ғашық болғанын еске алады.

“Оған деген сезімім өте терең әрі шынайы еді. Сол үшін жылап, хат жазатынмын”, – дейді Патиньо.

Еске салайық, бұған дейін шүберек қуыршақтың әйелі одан төртінші “баласын дүниеге әкелгені” хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 15:37