Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KeshYOU мерейтойлық шоуын Бішкекте жалғастырады

KeshYOU тобы
Фото: Instagram.com/keshyou_official

KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойына арналған концерттер Қазақстанмен шектелмейді. Ұжым енді Қырғызстанға барып, Бішкек сахнасында өнер көрсетпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны топтың продюсері Баян Мақсатқызы Астанадағы концерттен кейін жариялады. Осылайша, мерейтойлық жобаның келесі аялдамасы Қырғызстан астанасы болмақ.

“Тұрсын Алагөзов келісті. KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойына арналған концерт Бішкекте де өтеді”, – делінген жазбада.

Биыл KeshYOU сахнадағы 20 жылын атап өтіп жатыр. Осы уақыт аралығында топтың құрамы бірнеше рет өзгеріп, онда өнер көрсеткен әншілердің көбі кейін жеке шығармашылығын жалғастырды.

Мерейтойға орай Алматы мен Астанада үлкен концерттер ұйымдастырылып, топтың әр жылдардағы мүшелері бір сахнаға шыққан еді. Енді осы бағдарламаны Бішкек көрермендері де тамашалайды.

Дегенмен концерттің қай күні өтетіні және қай алаңда ұйымдастырылатыны әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылар бұл мәліметтерді кейінірек жарияламақ.

Еске салайық, бұған дейін KeshYOU Астанада 20 жылдығын дүркіретіп атап өткені хабарланған еді. “Барыс Аренада” ұйымдастырылған шоуға 12 мыңға жуық көрермен жиналды. Билеттер сатылым басталғаннан кейін небәрі екі күнде толық өтіп кеткен. Екі сағатқа созылған концерт көрерменді жалықтырмай, әр нөмір сайын жаңа тосынсый ұсынған үлкен шоуға айналды. Бір кеште сахнаға 16 солист шығып, 40-қа жуық ән орындалды.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 18:22