Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанар Дұғалова 31 метр биіктен түсті: KeshYOU Астанада 20 жылдығын дүркіретіп атап өтті

KeshYOU тобы
Фото: Видеодан скриншот

19 қыркүйекте Астанада KeshYOU тобының 20 жылдығына арналған ауқымды мерейтойлық концерт өтті. “Барыс Аренада” ұйымдастырылған шоуға 12 мыңға жуық көрермен жиналды. Билеттер сатылым басталғаннан кейін небәрі екі күнде толық өтіп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екі сағатқа созылған концерт көрерменді жалықтырмай, әр нөмір сайын жаңа тосынсый ұсынған үлкен шоуға айналды. Бір кеште сахнаға 16 солист шығып, 40-қа жуық ән орындалды.

Әр қойылым сахналық шешімімен, костюмдерімен, жарық пен арнайы эффектілерімен ерекшеленді.

“Алтын құрам” қайта бас қосты

Мерейтойлық кештің басты ерекшелігінің бірі – KeshYOU тобының әр жылдардағы әншілерінің бір сахнада бас қосуы болды.

Алайда топтың бұрынғы мүшесі Айдана Меденова бұл жолы концертке қатыспады. Ал KeshYOU-дың “алтын құрамында” болған Жанар Дұғалова мен Камшат Жолдыбаева әр кезеңдегі құрам қыздарымен бірге бір-бір әннен орындады.

Астана сахнасына Балжан Бидаш та шықты. Ол бұған дейін Алматыда өткен мерейтойлық концертке қатыспаған еді.

Жанар Дұғалова 31 метр биіктен түсті

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі Жанар Дұғалованың сахнаға 31 метр биіктіктен түсуі болды.

Кейін әнші сахна сыртындағы сәттер түсірілген видеоны жариялады. Кадрдан оның биіктен түсер алдында қобалжып, дұға оқып тұрғанын көруге болады. Артынша Жанар биіктен сахнаға түсіп, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Астанадағы шоу 40% жаңартылды

Астанадағы концерт көктемде Алматыда өткен шоудың дәлме-дәл қайталанған нұсқасы болған жоқ. Ұйымдастырушылар бағдарламаның шамамен 40%-ын өзгертіп, елордадағы үлкен аренаға лайықтап қайта дайындаған.

Жаңа қойылымдар мен тосынсыйлар да осы концерт үшін арнайы әзірленді.

Қанатты образдар желіде қызу талқыланды

Әлеуметтік желіде көп талқыланған сәттердің бірі – концерт финалындағы сахналық образдар. Әншілер алып қанаттармен көмкерілген ерекше киімдермен сахнаға шығып, әсерлі қойылым ұсынды.

Жалпы, мерейтойлық кеште сахналық безендіруге ерекше мән берілген. Түрленетін күрделі костюмдер, жарық пен графика, арнайы эффектілер, акробатикалық қойылымдар мен жанды дауыста орындалған әндер KeshYOU-дың 20 жылдық концертінің ауқымын айқындай түсті.

Еске салайық, бұған дейін сахнаға қайта бірге шыққан КешYOU-дың алтын құрамы желіні жарғаны хабарланған еді. 

Демалыс күндері Алматыдағы Орталық стадионда КешYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концертінде көпшілік арасында “алтын құрам” атанған әншілер – Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева және Айдана Меденова қайта бас қосып, бірге өнер көрсетті. 

Желіде олардың бірге ән айтқан сәтінен кадрлар жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар Threads желісінде арнайы жазба жариялап, алтын құрамды сағынғандарын ашық жазған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 17:17