Қазақстанда шетелдіктерге банк картасын алу жеңілдейді
Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ шетел азаматтарына банк шоты мен төлем картасын рәсімдеу жеңілдейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің ішкі бақылауына қатысты талаптарға өзгеріс енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа тәртіп бойынша Қазақстанның бейрезиденттері енді тек шетел азаматы болғаны үшін автоматты түрде тәуекелі жоғары клиент санатына жатқызылмайды.
Міндетті сауалнама алынып тасталды
Бұған дейін банк картасын немесе шот ашқысы келген шетелдіктер арнайы сауалнама толтыратын. Онда Қазақстанға келу мақсаты, шот ашу себебі, мамандығы, қаражаттың қайдан түсетіні, жоспарланған аударымдар және басқа да мәліметтер сұралатын.
Тіпті қолданылатын мобильді құрылғының IMEI нөмірі де көрсетілетін. Енді бұл деректер бейрезиденттер үшін міндетті талаптар тізімінен алынып тасталды.
Қандай тексерулер сақталады?
Талаптың жеңілдеуі банктер шетел азаматтарын мүлде тексермейді деген сөз емес.
Шот ашу немесе карта рәсімдеу кезінде банк:
-
клиенттің жеке басын куәландыратын құжатын тексереді;
- биометриялық сәйкестендіру жүргізеді;
- қажет болған жағдайда клиенттің тәуекел деңгейіне қарай қосымша тексеру қолданады.
Ал банк шоты қашықтан ашылса, биометриялық тексеру Ұлттық банктің сәйкестендіру деректерін алмасу орталығының сервистері арқылы жүргізіледі.
Тәуекелі жоғары клиенттерге бақылау күшейеді
Егер банк шетелдік клиенттен күмәнді белгілер байқаса немесе оған жоғары тәуекел деңгейін берсе, бұрынғыдай күшейтілген тексеру жүргізіледі. Бұл алаяқтық белгілеріне, заңсыз әрекетке күмән туындауына немесе күмәнді операцияларға қатысты болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда банк клиенттің операцияларын жіті бақылауға міндетті.
Енді әр клиент жеке бағаланады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өзгерістер шетелдіктерге қатысты қаржылық бақылауды әлсіретуді көздемейтінін алға тартты.
Бұрын бейрезидент мәртебесінің өзі клиентті тәуекелі жоғары санатқа қосуға негіз бола алатын. Енді банк әр адамды жеке бағалайды.
Ол үшін клиент туралы мәлімет, шотты пайдалану мақсаты, жасалатын операциялар, қолданылатын банк өнімдері және басқа да тәуекел белгілері ескеріледі. Яғни жаңа тәртіп шетелдіктер үшін артық рәсімдерді азайтады, бірақ күмән туындаған жағдайда бақылау бұрынғыдан кем болмайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу талаптары жеңілдетілгені хабарланған еді. 18 тамыздан бастап бұрынғы отандастарға, Қазақстан азаматтарының жұбайларына және 60 жастан асқан адамдарға қазақ тілін білу бойынша тест тапсыру, критерийлік бағалаудан өту және белгілі бір өңірлерде бір жыл тұру талап етілмейді. Құжат 30 қаңтардан бастап қолданыстағы тұрақты тұруға рұқсат беру және қандас мәртебесін беру жөніндегі пилоттық жобаның талаптарына өзгеріс енгізеді.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
