Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу талаптары жеңілдетілді

ықтиярхат алуға келген әйел мен қызметкер
Фото: Жасанды интеллект

Қазақстанда кейбір шетелдіктер үшін тұрақты тұруға рұқсат алу талаптары жеңілдетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

18 тамыздан бастап бұрынғы отандастарға, Қазақстан азаматтарының жұбайларына және 60 жастан асқан адамдарға қазақ тілін білу бойынша тест тапсыру, критерийлік бағалаудан өту және белгілі бір өңірлерде бір жыл тұру талап етілмейді. 

Өзгерістер Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 29 шілдедегі №534, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 17 тамыздағы №335 және Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 18 тамыздағы №493/НҚ бірлескен бұйрығымен енгізілді.

Құжат 30 қаңтардан бастап қолданыстағы тұрақты тұруға рұқсат беру және қандас мәртебесін беру жөніндегі пилоттық жобаның талаптарына өзгеріс енгізеді. Бұған дейін ережелер сәуір айында да өзгертілген болатын.

"Енді бұрынғы отандастарға, жұбайына немесе зайыбына қосылу үшін көшіп келген және кемінде бір жыл некеде тұрған адамдарға, сондай-ақ отбасына қосылу мақсатында келген 60 жастан асқан азаматтарға қазақ тілін білу бойынша тест тапсыру, критерийлік бағалау аясында балл жинау және қоныстану өңірлерінде бір жыл жұмыс істеу талап етілмейді. Бұл жеңілдіктер кәмелетке толмағандар мен әрекетке қабілетсіз адамдарға да қатысты. Отбасымен қауышу Қазақстан азаматы болып табылатын отбасы мүшесімен де, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдікпен де мүмкін", – делінген хабарламада. 

Бұған дейін аталған талаптардан Қазақстанға жұмыс істеуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, инвестиция салуға, білім алуға келген, сондай-ақ гуманитарлық және саяси себептермен келген шетелдіктер босатылған болатын. 

Сәуір айында критерийлік бағалаудан инвесторлар, сұранысқа ие мамандық иелері және мемлекеттік органдардың өтініші бойынша ел экономикасына елеулі үлес қосқан адамдар да босатылды. Енді бұл талап олардың отбасы мүшелеріне де қолданылмайды.

"Сонымен қатар құжаттарға қойылатын басқа талаптар сақталады. Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін бұрынғыдай жарамдылық мерзімі 180 күнтізбелік күннен асатын шетелдік паспорт, соттылығының жоқтығы туралы анықтама, 028/у нысанындағы медициналық анықтама, дактилоскопия нәтижелері, тұрғын үй беру туралы нотариалды куәландырылған шарт, 4 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік баж және азаматтығы бар мемлекеттің жазбаша келісімі немесе кету парағы қажет. 1320 АЕК мөлшеріндегі төлем қабілеттілігін растау талабы да барлық адам үшін алынып тасталған жоқ. 2026 жылы бұл сома 5 709 000 теңгені құрайды", – делінген ақпаратта.

Төлем қабілеттілігін растаудан бұрын Қазақстан азаматы болған немесе Қазақ КСР-інде туған азаматтар, инвесторлар, кәмелетке толмағандар, халықаралық шарттарға сәйкес азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар адамдар және олардың отбасы мүшелері босатылады.

Бұл ретте жаңа ережелер әзірге тұрақты сипатқа ие емес. Тамыздағы бұйрық қол қойылған сәттен бастап күшіне енді, ал пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалдары арқылы тапсыруға болады. Құжаттардың толық пакетін қарау мерзімі – 45 күнтізбелік күн.

Критерийлік бағалаудан migration.enbek.kz порталында өтіп қойған және енді талаптардан босатылған санатқа жататын шетелдіктерге тұрғылықты жері бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметінен өз мәртебесін нақтылап алу ұсынылады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғысы келетіндер қазақ тілін орташадан жоғары деңгейде білуге міндеттелетінін жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Жұма, 28 Тамыз, 2026 18:28