"Бұл шынымен Сәтпаев па?" Қазақстандықтар Дастанды FIFA ойынында танымай қалды
Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев ресми түрде EA Sports FC 27 ойынына қосылды. Алайда жанкүйерлерді оның ойын ішіндегі көрсеткіштерінен гөрі виртуалды бейнесі көбірек қызықтырды. Әлеуметтік желі қолданушылары компьютерлік ойындағы футболшының түрі шынайы өмірдегі Дастанға онша ұқсамайтынын айтып, қызу талқылап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
EA Sports FC 27-де қазақстандық шабуылшы ағылшынның “Бернли” клубының ойыншысы ретінде көрсетілген. Оның жалпы рейтингі – 68. Ресми EA базасында жылдамдығы 83, үдеуі 85 балға бағаланған.
“Кездейсоқ бір азиялықтың бейнесін қоя салған ба?”
Ойыннан алғашқы кадрлар тарай бастағаннан кейін жанкүйерлердің назары бірден Сәтпаевтың виртуалды келбетіне ауды. Көпшілік әзірлеушілер футболшының бет-бейнесін дәл бере алмағанын жазды.
Желі қолданушыларының бірі EA Sports-қа тікелей үн қатып:
“Мынау, Дастан Сәтпаев па? Кездейсоқ бір азиялықтың моделін ала салып, осы жарай береді деп ойладыңыздар ма? Қатты көңілім қалды”, – деп жазған.
Басқа жанкүйерлер де ойын ішіндегі Дастанның шынайы футболшыға ұқсастығы аз екенін байқаған.
Пікір білдірушілердің бірі ойын үстінде аса байқалмағанымен, гол соққаннан кейін футболшының беті жақыннан көрсетілгенде айырмашылық анық көрінетінін жазған.

Сәтпаевты қорғап шыққандар да бар
Дегенмен виртуалды бейнеге бола үлкен мәселе жасаудың қажеті жоқ деп есептейтіндер де табылды. Олар футбол симуляторында ойыншының дене бітімі, қимыл-қозғалысы мен алаңдағы көрсеткіштері бет әлпетінен маңыздырақ деп есептейді.
Кей жанкүйерлер EA Sports жас футболшыларға бірден жеке бет-бейне әзірлей бермейтінін де еске салды.
Мысал ретінде Мохамед Салахтың жағдайын келтіргендер бар. Египеттік футболшы “Ливерпульге” ауысқан алғашқы кезеңде FIFA ойынында оның да толыққанды жеке бет-бейнесі болмаған. Кейін футболшының танымалдығы артып, ойыны жоғары бағаланған соң жаңарту кезінде арнайы бейнесі жасалған.
Жанкүйерлер Дастан Сәтпаевтың да алдағы жаңартулардың бірінде шынайы бейнесіне барынша ұқсайтын нұсқасын алуы мүмкін деп үміттенеді.
Сәтпаевтың жылдамдығы жоғары бағаланған
Футболшының сыртқы бейнесі дау тудырғанымен, ойын ішіндегі көрсеткіштері әлдеқайда нақты.
EA Sports Сәтпаевтың жалпы рейтингін 68 деп белгілеген. Оның ең мықты қыры – жылдамдығы. Бұл көрсеткіш 83 балға, ал үдеуі 85 балға бағаланған.
Соққысы – 67, пас беруі – 60, дриблингі – 69, физикалық дайындығы – 64 балл. Ең төмен көрсеткіш қорғанысқа тиесілі – 27 балл.
EA Sports-тың ресми базасында Сәтпаев “Бернлидің” шабуылшысы ретінде көрсетілген. Компания дерегінде оның негізгі позициясынан бөлек, оң және сол қапталда да ойнай алатыны жазылған.

Англиядағы жаңа кезең
Дастан Сәтпаевтың Еуропадағы мансабы 2025 жылғы ақпанда “Челсимен” келісімге келгені белгілі болғаннан кейін көпшіліктің назарын аударды.
Футболшы кейін Англияға аттанып, лондондық клубқа қосылды. 2026/27 жылғы маусымда ол тәжірибе жинау үшін “Бернли” сапында өнер көрсетіп жүр.
Сондықтан EA FC 27-де қазақстандық шабуылшы дәл осы клубтың ойыншысы ретінде енгізілген.
15 жасында “Қайраттың” негізгі құрамында дебют жасады
Дастан Сәтпаевтың үлкен футболдағы жолы Алматының “Қайрат” клубында басталды.
Ол 2024 жылғы мамырда небәрі 15 жасында негізгі команда сапында алғаш рет алаңға шықты. Сол кезде жас футболшы клуб тарихындағы ең жас ойыншылардың бірі атанды.
Кейін Сәтпаев негізгі құрамнан тұрақты орын алып, Қазақстан чемпионатындағы ең жарқын жас ойыншылардың біріне айналды.
Ал 2025 жылғы ақпанда оның болашақта ағылшынның “Челси” клубына ауысатыны белгілі болды.
Қазақстандық футболшы әлемдік ойынға енді
Дастан Сәтпаевтың EA Sports FC 27 ойынына қосылуының өзі қазақстандық футбол үшін назар аударарлық оқиға болып отыр.
EA Sports-тың ресми базасында Сәтпаевтың жалпы рейтингі 68, жылдамдығы 83, үдеуі 85 деп көрсетілген. Шабуылшы “Бернли” сапында тіркелген.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
