Бұрын сотталғандардың суретін желіде жариялаған қазақстандық сотқа тартылуы мүмкін
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдардың суретін желіде жариялаған қазақстандық сотқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлімжан Есқараев кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған адамдар туралы ақпаратты жинап, тізімдер жариялай бастаған.
Ол бұл тізімдерге ресми ашық реестрде жарияланған адамдардың фотосуреттері мен қай қалада тұратыны туралы мәліметтерді енгізген. Қазір Ақтау, Орал, Талдықорған, Астана және басқа да өңірлер бойынша осындай тізімдер жарияланған.
Жазбалардан кейін Есқараевқа тізімге енген адамдар мен олардың туыстары хабарласа бастаған. Олар фотосуреттерді өшіруді талап еткен.
Есқараевтың айтуынша, оған қатысты полицияға арыз жазылып, сотқа да жүгінген.
Олардың негізгі уәжі – сотталған адамдар жазасын өтеп қойған және енді өз суреттерінің қайтадан көпшілікке жария болғанын қаламайды екен.

Ал ер адамның өзі заңды бұзбағанын айтады. Оның сөзінше, ол адамдарды қудалауға немесе өз бетінше жазалауға шақырмайды. Тек мемлекет ресми түрде ашық жариялаған ақпаратты жинақтап, бір тізім жасайды.
"Мен ешкімді қудалауға, қорқытуға немесе өз бетінше жазалауға шақырмаймын. Керісінше, жарияланымдардан кейін осы адамдардың туыстары тарапынан өзіме қауіп-қатер туралы хабарламалар келіп түсті. Мен тек мемлекеттік орган бұған дейін жариялаған ақпаратты ғана жариялап отырмын. Фотосуреттер ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ресми сайтынан алынған. Егер іс сотқа дейін жетсе, сот процесін, арызданушыларды және жариялауға рұқсат етілген іс материалдарын жариялап отырамын", – делінген Әлімжан Есқараевтың жазбасында.
Еске салсақ, бұған дейін енді кәсіп иелері клиент пен қызметкердің суретін рұқсатсыз жариялай алмайтыны туралы жазған едік.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды