Қазақстанда тоғыз жастағы қызға сексуалды зорлық жасаған ер адам жеңіл жазаның орнына өмір бойына сотталды
Бас прокуратура қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қайта қарау кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Кей істерде жасөспірімдердің құқықтары толық қорғалмаған болса, енді бірінде қылмыстың дұрыс сараланбағаны белгілі болған. Прокурорлардың наразылығынан соң бірнеше сот актісі күшін жойып, істер қайта қарауға жіберілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселен, бір іс бойынша кәмелетке толмаған айыпталушының қорғаушысына сот жарыссөзінде толыққанды қатысуға мүмкіндік берілмеген. Мұндай жағдайлар қорғау тарапының өз ұстанымын толық жеткізу құқығын шектейді.

Анықталған заң бұзушылықтар заңды күшіне енген сот актілерінің күшін жоюға негіз болды.
Бас прокуратура мұндай істерде қорғаушының қатысуы тек формалды сипатта болмауы керек екенін айтты. Қорғау тарапы өз ұстанымын толық айтып, сот оның уәждеріне тиісті баға беруі қажет.
Сонымен қатар прокурорлар қылмыстық процестің кез келген кезеңінде қылмыс жасаған адамның заңға сәйкес жауапқа тартылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар дұрыс сараланбаған
Істерді талдау барысында құқық қолдану тәжірибесінде әлі де бірізділікті қажет ететін мәселелер бар екені анықталған. Атап айтқанда, Бас прокуратура кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу фактілерінде қылмыстың дұрыс сараланбаған бірнеше жағдайын анықтады.
Кей істерде ауыр қылмыс белгілері болғанына қарамастан, адамдардың әрекеті “сексуалдық сипаттағы тиісу” немесе “азғындау” ретінде сараланған.
Прокурорлардың наразылығынан кейін 8 адамға қатысты сот актілерінің күші жойылып, істер қайта қарауға жіберілді.
Мысалы, Ж. есімді азамат тоғыз жастағы қызды азғындады деген айыппен сотталған. Бас прокуратураның наразылығынан кейін кассациялық сот бұрынғы сот актілерінің күшін жойды.
Іс қайта қаралып, Ж. жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Мемлекетке 2,8 миллиард теңге қайтарылды
Бас прокуратура мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті толық тәркілеу мәселесіне де назар аударған. Өткен бір жылда прокурорлар ақшалай қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы 17 наразылық енгізген.
Мәселен, Е. есімді сотталған азамат ұйымдастырған заңсыз ойын бизнесінен түскен қылмыстық табыс бастапқыда тәркіленбеген. Прокуратураның наразылығынан кейін 2,8 миллиард теңге мемлекет кірісіне өндірілді.
Тағы төрт қылмыстық іс бойынша мемлекет кірісіне 141 миллион теңге өндірілген.
Бас прокуратураның мәліметінше, кассациялық тәртіппен істерді қайта қарау кезінде әрбір іс жеке бағаланады. Бұл ретте бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен қатар, мемлекеттің мүддесін қорғау да көзделеді. Демек қылмыстық процестегі азаматтардың құқығын сақтау мен қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде Алматы полициясы Алматы облысы аудандарының бірінің прокурорын мас күйінде ұстағаны туралы ақпарат тарағаны туралы жазған едік.
"Ауруханаға өз аяғымен кіріп, табытпен шықты": Қызылордалық ер адам анасының өліміне дәрігерлерді айыптады