"Ауруханаға өз аяғымен кіріп, табытпен шықты": Қызылордалық ер адам анасының өліміне дәрігерлерді айыптады
Stan.kz редакциясына жүгінген қызылордалық Жомарт анасының өліміне медициналық көмек көрсету кезінде жіберілген қателіктер себеп болуы мүмкін дейді. Жоспардан тыс тексеру барысында №4 емхана мен облыстық ауруханада бірқатар заңбұзушылық анықталған. Марқұмның балалары медициналық қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, анасының өліміне әкелуі мүмкін себептердің барлығы жан-жақты анықталуын талап етіп отыр.
Қызылорда қаласы тұрғынының сөзінше, анасына бұған дейін Алматыдағы Ұлттық госпитальда ми аневризмасына байланысты ота жасалған. Операциядан кейін бірнеше күн ауруханада жатып, жағдайы тұрақталған соң үйіне шығарылған.
Үйге шығарылған кезде оған қан сұйылтатын дәрі тағайындалып, қанның ұю деңгейін көрсететін анализді (МНО) тұрақты бақылау қажеттігі, оның ішінде анализді жүйелі түрде тапсырып, нәтижесіне қарай дәрі дозасын өзгерту керек екені түсіндірілген. Алайда анасы Қызылордаға келгеннен кейін №4 қалалық емханада тапсырған анализдң нәтижесіне қатысты мәселе туындағанын айтады.
"Нәтижені өте нашар болғанына қарамастан, бізге “анализіңіз жақсы” деп айтты. Оның қаншалықты қауіпті екенін түсіндірген жоқ. Дәрінің дозасын өзгерту туралы нақты нұсқау да берілмеді", – дейді марқұмның ұлы Жомарт (аты өзгертілген).
Жомарттың айтуынша, кейін медициналық құжаттарды зерделеу барысында талдау көрсеткіштерінде елеулі өзгерістер болғаны анықталған. Сонымен қатар дәрі дозасына қатысты да сұрақтар туындаған. Марқұмның ұлы анасының жағдайы шамамен бір ай бойы нашарлағанын айтады. Оның сөзінше, анасы әлсіздікке, бас ауруына шағымданып, 18 шілдеден бастап жағдайы күрт төмендеген. Құсу белгілері де болған.
"Жедел жәрдемді күніне бірнеше рет шақырдық. Бірақ келген кезде қан қысымын өлшеп, ауырсынуды басатын дәрі беріп, кетіп қалатын. Анамның жағдайының нақты себебін анықтау үшін тиісті тексеру жүргізілмеді деп есептеймін", – дейді Жомарт.

Жігіттің айтуынша, ол №4 емханаға бірнеше рет хабарласып, кардиолог пен невропатолог шақыруды сұраған. Алайда қажетті мамандар дер кезінде келмеген.
"Жақында күрделі операциядан өткен, қан сұйылтатын дәрі қабылдап жүрген адамның жағдайы күн сайын нашарлап жатса, неге оған тиісті мамандандырылған көмек уақытылы көрсетілмеді деген сұрақ мені әлі де мазалайды", – дейді марқұмның ұлы.
21 шілдеде әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Отбасы тағы да жедел жәрдем шақырған. Ұлының айтуынша, жедел жәрдем шамамен сағат 11:00-де келген. Осыдан кейінгі медициналық көмек көрсету барысы мен анасының қайтыс болуына әкелген жағдайларға қатысты отбасы бірқатар сұрақтың жауабын алғысы келеді.
Марқұмның ұлы анасының өліміне дәрігерлердің салғырттығы немесе әрекетсіздігі себеп болуы мүмкін деп есептейді. Сондықтан ол медициналық құжаттарды толық зерттеп, көрсетілген медициналық көмектің дұрыстығына тәуелсіз баға беріліп, егер заң бұзушылық анықталса, кінәлі тұлғалардың заң алдында жауап беруін талап етеді.
"Анам ауруханаға өз аяғымен барды. Бірақ қабылдау бөлімінде шамамен екі сағат күтті. Екі сағаттан кейін ғана дәрігер қарап, КТ жасалды. Сол кезде субарахноидальды гематома анықталды. Кейін анамның жағдайы одан әрі нашарлап, есін жоғалта бастады. Сағат 11:00 шамасында ауруханаға жеткізілген анам кешкі сағат 19:00-ге дейін тиісті қарқынды бақылаусыз жатты. Мен қайтадан талап етіп, мәселе көтергеннен кейін ғана оны қарқынды емдеу палатасына жатқызды. Бірақ ол кезде жағдайы тым ауыр еді. Анам ауруханаға өз аяғымен кірді. Ал мен оны ауруханадан табытпен алып шықтым", – деп түсіндірді Жомарт.
Марқұмның ұлы анасының өліміне қатысты тәуелсіз мамандардың қорытындысын алғанын және медициналық құжаттарды зерттеу барысында бірқатар сұрақ туындағанын айтты. Ол дәрігерлерді сот шешімінсіз кінәлі деп жариялауды емес, медициналық көмек көрсету барысында жіберілген ықтимал қателіктерге құқықтық және сараптамалық баға беруді талап етеді.
Дәрілерді қолдануға қатысты да сұрақ бар
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында марқұмның №4 қалалық емханадағы медициналық бақылауына қатысты бірқатар бұзушылық анықталған.
"2026 жылғы 1 шілдеде қанның ұюын тексеретін көрсеткіші 4,01 болған. Бұл антикоагулянттық әсердің (дәрі қанның тез ұйып қалуына жол бермейді) шамадан тыс жоғарылағанын көрсетеді. Алайда 2 шілдеде жалпы тәжірибелік дәрігер қабылдауында болғанына қарамастан, қан кету қаупіне тиісті клиникалық бағалау жүргізілмеген. Варфарин терапиясын түзету мәселесі қаралмаған, кардиолог консультациясы ұйымдастырылмаған және қанның ұюын қайта бақылаудың нақты мерзімі белгіленбеген", – деп жауап берді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Тексеру материалдарында 1 шілдедегі қан талдауының бірнеше көрсеткіші көрсетілген. Департамент нәтижелерді антикоагулянттық әсердің шамадан тыс жоғарылағанын көрсететін белгі ретінде бағалаған. Бұған дейінгі және кейінгі көрсеткіштердің арасында да айтарлықтай айырмашылық болған.
"Биыл 24 маусымда қан ұюы – 1,41 болса, 1 шілдеде осы көрсеткіш 4,01-ге дейін жоғарылаған. Сол күні (протромбин уақыты) қанның ұюына 47,41 секунд кеткенін көрсеткен. Ал протромбин индексінде (қанның ұю жүйесінің көрсеткіші) 12,90% болған. Мұндай өзгерістер антикоагулянттық терапияға зертханалық бақылаудың жеткіліксіз жүргізілгенін көрсетеді. Амбулаториялық деңгейде варфаринмен емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мониторинг тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған", – деп пікір білдірді департамент.
Департаменттің тексеруі тек емханадағы бақылаумен шектелмеген. Көп бейінді облыстық ауруханада да медициналық көмек көрсету кезінде бірнеше кемшілік анықталған. Соның ішінде қан кету жағдайындағы емдеу тактикасы, қарқынды терапияға ауыстыру және дәрігерлер консилиумын ұйымдастыру мәселелері бар.
"Төребай Нашауованың жағдайының ауырлығына қарамастан, оны қарқынды терапия палатасына уақтылы ауыстыру қамтамасыз етілмеген. Бас сүйек ішіне қан құйылу, қан ұю жүйесінің ауыр бұзылыстары болған жағдайда әрі қарайғы емдеу тактикасын және нейрохирургиялық операция жасау мүмкіндігін анықтау үшін дәрігерлер консилиумы ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар қан ұю факторларын толықтыруға бағытталған қосымша ем, яғни жаңа мұздатылған плазма, протромбин кешені және басқа препараттар жүргізілмеген", – дейді департамент өкілдері.
Тексеру барысында дәрі-дәрмекпен емдеуге қатысты да ескертулер жасалған. Департаменттің мәліметінше, бассүйекішілік қан құйылу анықталған күні қан кетудің тоқтағаны нақты расталмаған кезде надропарин енгізілген.

Ал субарахноидальды қан құйылу кезінде қолданылуы негізді деп көрсетілген нимодипин толық әрі үздіксіз курс ретінде жүргізілмеген.
"21 шілдеде анасының миына қан құйылғаны анықталған. Қан кетудің тоқтағаны нақты анықталмағанына қарамастан, оған надропарин (қан сұйылтатын дәрі) деген дәрі берілген. Тексеру барысында бұл препаратты сол жағдайда қолдану клиникалық талаптарға сәйкес келмегені көрсетілген. Сонымен қатар миға қан құйылған кезде қолданылуы тиіс нимодипин дәрісі толық әрі үздіксіз берілмеген. Ал дексаметазон бірнеше күн қолданылғанымен, оны не себепті тағайындағаны медициналық құжаттарда нақты көрсетілмеген", – деп департамент бұзушылықтарды анықтады.
"Науқасқа қажетті зерттеулер жүргізілді – аурухана"
Қызылорда облысының көп бейінді облыстық ауруханасы марқұмның туысының шағымына берген жауабында науқастың өліміне қан ұю жүйесінің ауыр бұзылысы әсер еткенін алға тартқан.
Медициналық ұйымның мәліметінше, осы жағдайға байланысты нейрохирургиялық операция жасау мүмкін болмаған.
"Қан сараптамасында коагулопатия анықталуына байланысты операция жасалмаған. Кейін коагулопатия салдарынан “цереброваскулярлық ауру, бас миының қан айналымының жедел бұзылысы, геморрагиялық типі” диагнозымен науқас қайтыс болды. Науқас 21-27 шілде аралығында стационарлық ем қабылдау барысында клиникалық хаттамаға сәйкес емдік шаралармен қамтамасыз етілді", – деп хабарлады аурухана әкімшілігі.
Аурухана сонымен бірге науқас 21 шілдеде сағат 11:32 шамасында жедел жәрдеммен жеткізілгенін және сол күні қажетті медициналық зерттеулер жүргізілгенін атап өткен.
Атап айтқанда, қан талдауы, ультрадыбыстық зерттеу және бас миының компьютерлік томографиясы жасалған. Туыстарының шағымы бойынша 10 тамызда аурухана қызметкерлерінің қатысуымен онлайн тыңдалым да өткізілген.
Кімдер жауапқа тартылмақ?
Енді комитет жауабында №4 қалалық емхана басшылығына қызметтік баға беріліп, жауапқа тарту және қажет болса қызметінен босату мәселесі көтерілген. Алайда комитет мәселелердің өз құзыретіне жатпайтынын айтып, тиісті бөлігін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына жолдаған. Енді басқарма тексеру нәтижесі бойынша тиісті шара қабылдап, шағымданушыға жауап бермек.
Комитет "нейрохирург ақша бермесең қарамайды" деген сөздің айтылғанын объективті растайтын жеткілікті дәлел анықталмағанын алға тартып, бұл мәліметті расталған факт ретінде қабылдамаған. Ал істі әкімшілік деңгейден қылмыстық іс жүргізу тәртібіне ауыстыру мәселесі бойынша марқұмның балалары қайта арыздануы қажет екені көрсетілген.
Айта кетейік, іс Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша қайта сараланбақ. Аталған бап медицина қызметкерінің кәсіби міндеттеріне ұқыпсыз немесе адал қарамауы, соның салдарынан медициналық міндеттерін орындамауы не тиісінше орындамауы үшін жауапкершілікті көздейді.
Марқұмның ұлы Жомарттың айтуынша, қазір іс бойынша Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының нейроинсульт бөлімінің реаниматологы, нейрохирургы, №4 қалалық аурухана басшысы, учаскелік дәрігер және кардиолог дәрігердің әрекеттеріне қатысты күдік бар. Оның сөзінше, аталған медицина қызметкерлерінің анасына көрсеткен көмегі мен оның өлімі арасындағы ықтимал байланыс құқықтық тұрғыда қайта қаралып жатыр.
Баптың 3-бөлігі мұндай әрекеттердің абайсызда адам өліміне әкеп соғу жағдайын қамтиды. Мұндай жағдайда 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Ауруханаға өз аяғымен кіріп, табытпен шықты": Қызылордалық ер адам анасының өліміне дәрігерлерді айыптады