Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"13-тен 4 түрге дейін": Қазақстанда әлеуметтік көмек түрлерінің санын қысқарту ұсынылды

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанда әлеуметтік көмектің 13 түрін 4 түрге біріктіру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев премьер-министр Олжас Бектеновке азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесіне енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.

"Бірінші кезеңде қолданыстағы 36 төлемнің 14 түрі бойынша "шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсету" қағидатына сәйкес мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастырылады. Екінші кезең аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрін азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып, 4 түрге біріктіру көзделеді", – деді министр.

Сонымен қатар министр мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үдерісіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері туралы да баяндады. Министрдің айтуынша, мүгедектік белгіленуіне негіз болған медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты 167 жағдай анықталып, құқық қорғау органдарына жолданған.

Үкімет отырысында 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы халыққа SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен ақпарат беру басталатыны атап өтілді. 

"Барлық ұсыныс бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі", – делінген үкімет хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін 2027 жылдан бастап қазақстандықтардың бір бөлігі әлеуметтік төлемдерден айырылатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 19:10