Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскери қызметтік иттер 900 теңгеден сатылымға шықты

қызметтік иттер аукционға шықты
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Қазақстанда шекарада қызмет еткен жеті ит аукционға шығарылды. Қызметтік міндетін атқарып, 9–10 жасқа келген неміс және шығыс-еуропалық овчаркалардың бастапқы бағасы 935 теңгеден. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қызметтік иттерді сату туралы лоттар электронды сауда платформасында жарияланған. Солардың бірі – Павлодар облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментіне тиесілі 10 жастағы Матео есімді неміс овчаркасы. Оның бастапқы бағасы 935 теңге болып белгіленіп, ит бағаны төмендету тәсілімен өткізілетін аукционға қойылған.

Ал Жамбыл облысында қызмет еткен Майк, Майло, Миг, Мэл, Мансур және Маис есімді алты ит те сатылымға шығарылды. Олардың арасында шығыс-еуропалық және неміс овчаркалары бар. Алты иттің жиынтық бағасы – 11 552 теңге. Бұл лот бойынша сауда 18 тамызда бағаны көтеру әдісімен өтеді. Аталған жануарларды сатылымға Қорғаныс министрлігіне қарасты "Қазспецэкспорт" кәсіпорны шығарған.

"Қазспецэкспорт" өкілдерінің түсіндіруінше, қызметтік иттер мемлекеттік мүлік саналады. Сол себепті қызметін аяқтаған жануарларды кинологтар өз еркімен үйіне алып кете алмайды. Оларды жаңа иелеріне заңды түрде беру үшін аукцион ұйымдастырылады. Сатылымға қойылған иттердің жасы 9-10-ға келген. Жасына байланысты олар әрі қарай қызмет атқара алмайды. Кәсіпорынның айтуынша, егер жануарларға жаңа иелер табылмаса, оларды өлтіруге тура келуі мүмкін.

Иттердің бағасының төмен болуы олардың қызмет мерзімін өтеп, әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылуымен байланысты. Әр жануардың құны аукцион алдында ресми түрде бағаланады. Кәсіпорын үшін басты мақсат – қызметтік міндетін атқарып болған иттерге өмірінің соңына дейін қарайтын иелер табу. Әдетте оларды бұрынғы кинологтары мен ветеринарлары сатып алады.  

"ҰҚК шекарашыларының өздері бізге қайта-қайта қоңырау шалып, “Аукцион қашан болады?” деп сұрады. Бұл иттер олар үшін туған балаларындай. Енді олар иттерін сатып алып, үйлеріне алып кете алатындарына қуанып жүр. Біз иттердің аман қалуын қолдаймыз. 50-60 жануарды жай ғана өлтіре салуды елестетіп көріңіз. Оларды тегін ұстаудың басқа жолы жоқ және болуы да мүмкін емес. Өйткені олардың орнына жас, жаңа иттер келеді. Ал кәрі иттер штаттан шығарылады", – деді кәсіпорын өкілдері.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 14:48