Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арықтаймын деп арбаға таңылды: Бойжеткен 108 келі тастағаннан кейін сал болып қалды

Надин Хэтчетт
Фото: Supplied

Ұлыбритания тұрғыны Надин Хэтчетт артық салмақтан арылу үшін асқазанын кішірейту операциясын жасатқаннан кейін ауыр дертке шалдығып, сал болып қалған. Қазір 29 жастағы бойжеткен осыдан 11 жыл бұрын қабылдаған шешіміне өкінетінін айтады. Бұл тураы Stan.kz ақпарат агенттігі The Sun-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Надиннің сөзінше, ол бала кезінен артық салмақпен күрескенімен, мұны үлкен мәселе деп санамаған. Алайда 18 жасында дәрігерлер салмағын азайтпаса, денсаулығына үлкен қауіп төнетінін ескерткен. Бұдан қатты қорыққан бойжеткен асқазанын кішірейту операциясына келіседі.

2015 жылғы желтоқсанда Надинге жеті сағатқа созылған операция жасалған. Одан кейін ол 108 келі салмақ тастаған. Алайда көп ұзамай денсаулығы сыр бере бастайды. Бойжеткеннің іші қатты ауырып, жиі құсқан, тамақ ішіп, су іше алмай қалған. Сондай-ақ ойлау қабілеті тұманданып, кейін көруі нашарлап, аяғының сезімталдығы жоғала бастаған.

Алғашында дәрігерлер мұны операциядан кейінгі қалыпты асқынулардың бірі деп қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде Надинге Вернике энцефалопатиясы диагнозы қойылады. Бұл – В1 дәруменінің қатты жетіспеуінен туындайтын және ми мен жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін ауыр жағдай.

Надин жеті ай бойы ауруханада емделген. Алайда денсаулығы толық қалпына келмей, мүгедек болып қалған.

“Арада 11 жыл өткенде ғана қайтадан жүруді үйреніп жатырмын. Көптеген дәрі қабылдаймын, көзім әлі де нашар көреді. Созылмалы жүрек айнуы, үнемі шаршау мен ауырсыну мазалайды. Әлі күнге дейін анаммен бірге тұрамын. Бұл операция мені өз бетімше өмір сүру мүмкіндігінен айырды”, – дейді ол.

Надин Хэтчетт
Фото: Supplied

Қазір бойжеткен операцияға келіскеніне өкінеді. Оның айтуынша, денсаулығындағы ауыр өзгерістер жеке өміріне де әсер еткен. Надин болашақта отбасын құрып, балалы болу мүмкіндігіне алаңдайтынын жасырмады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 15:14