Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Астанадағы граффитиге қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттарды граффитимен бүлдіретіндерге қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларын граффитимен бүлдіретіндерге қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан қалаларында мұндай әрекеттерге жол бермеу керегін айтып, граффитиге толық тыйым салуға бағытталған заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдауды тапсырды. Ол мұндай әрекеттерді вандализм және өрескел бұзақылық ретінде бағалаған.

Мәлімдеме президенттің "Таза Қазақстан" акциясына қатысып, Астанадағы Президент саябағына ағаш отырғызған күні айтылды.

Айта кетейік, қазір заңсыз салынған суреттер мен жазулар үшін келтірілген залалдың көлемі мен олардың мазмұнына қарай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабына сәйкес, қоғамдық орындарды ластағаны үшін жауапкершілік көзделген. Ғимараттардың қабырғаларына рұқсатсыз салынған суреттер мен жазулар да осы санатқа жатқызылуы мүмкін. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ғимараттарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындар мен көліктегі мүлікті қорлағаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Мұндай әрекет үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленген.

Ал тарихи және мәдени ескерткіштерге немесе мемлекет қорғауындағы табиғи нысандарға қатысты заңсыз жазулар мен суреттер салу Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша вандализм ретінде саралануы мүмкін. Осы кезде 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатау ұлттық саябағында жасөспірімдер тастарға сурет салып тастаған. Қоршаған ортаны қорғау ережелерін бұзған жасөспірімдер өздерін Gemini Education білім беру орталығының оқушылары деп таныстырды. Ұлттық саябақ қызметкерлері оқушыларға қоршаған ортаны қорғау туралы әңгіме өткізді. Содан кейін оларға щеткаларды таратып, аумақты тазалау үшін бірлесіп жұмыс істеді, тастардағы граффитиді толығымен алып тастады. Тазалықтан кейін жасөспірімдер табиғи орынға келтірген залалы үшін кешірім сұрады.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 13:13