Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хуситтер Эр-Риядқа баллистикалық зымырандармен шабуыл жасады

сауд арабия шабуыл
Фото: "Анодолу" порталы

Иран қолдайтын Йеменнің хуситтер қозғалысы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы маңызды нысандарға баллистикалық және қанатты зымырандармен, сондай-ақ дрондармен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сауд Арабиясы тарапы зымыранның ұсталып, жойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Анодолу" порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари әлеуметтік желідегі парақшасында қозғалыс жұмаға қараған түні екі операция жүргізгенін жазды. Оның айтуынша, шабуыл кезінде көп мөлшерде баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар қолданылған.

Оның мәліметінше, алғашқы шабуыл Эр-Риядтағы "маңызды нысандарға", ал екіншісі Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу қаласындағы Saudi Aramco нысандарына бағытталған. Алайда Сауд Арабиясы Корольдік әуе күштерінің бригадалық генералы Турки әл-Малики хуситтердің Эр-Риядқа алғаш рет баллистикалық зымыранмен соққы беруге әрекет жасағанын айтты. Оның сөзінше, зымыран ұсталып, жойылған.

Түнде Эр-Риядта әуе шабуылы туралы дабыл жарияланып, кей тұрғындар жарылыс дауысын естіген. Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Кейін әуежай маңынан қою түтін байқалған. AFP агенттігінің тілшісіне сілтеме жасаған мәлімет бойынша, Сауд Арабиясының ірі мұнай компаниясы Aramco-ға тиесілі отын қоймасы өртенген. Өрт кейін сөндірілген.

11 қыркүйекте хуситтердің Қызыл теңіз бен Араб теңізін жалғайтын Баб-эль-Мандеб бұғазындағы стратегиялық маңызды аралдарды бақылауға алғаны хабарланған еді. Бұл бұғаз арқылы әлемдік жүк тасымалының шамамен 12 пайызы, соның ішінде мұнай тасымалы өтеді. Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін оның Сауд Арабиясы үшін маңызы одан әрі артқан. Хуситтер Баб-эль-Мандеб арқылы өтетін барлық коммерциялық кемелер үшін теңіз жолы "қауіпсіз", тек саудиялық кемелерге қатысты жағдай бөлек екенін мәлімдеді.

Бұған дейін хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы Йемен жағалауындағы Моха портын бақылауына алғаны белгілі болған.

Еске салайық, бұған дейін хуситтер Сауд Арабиясының қалалары мен мұнай нысандарына, сондай-ақ Қызыл теңіздегі кемелерге шабуыл жасаған еді. Осыған байланысты аймақтағы мұнай тасымалына қатысты қауіп қайта күшейіп отыр.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 15:25