Еңбек министрлігі Қазақстанда неліктен филиппиндік бала күтушілерге сұраныс артқанын түсіндірді
Қазақстанда бала күтуші ретінде филиппиндік әйелдерді жалдайтындар көбейіп келеді. Шетелдік күтушілерді ұсынатын агенттіктер де жылдан жылға артып жатыр. Мамандар мұны елде бала күтуші қызметіне сұраныстың жоғары болуымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Филиппиндік Сандра Морриланың Қазақстанға келгеніне екі айдан асқан. Нәпақа табу үшін шетелге келген ол арнайы агенттік арқылы бірден бала күтуші болып жұмысқа орналасқан. Қазір бір отбасының екі ұлы мен бір қызына қарайды. Сонымен қатар ол үй жинау, тамақ әзірлеу, кір жуу және балаларға ағылшын тілін үйрету сияқты бірнеше жұмысты қатар атқарады.
"Қазақстан маған қатты ұнады. Балалары тәрбиелі, үлкендерді құрметтейді. Тілді де тез үйренеді. Қазақстанда жалақы жоғары. Маған айына 900 доллар төлейді. Жұмысым өзіме қатты ұнайды", – деді Сандра Моррилла.
Қазір әлеуметтік желілерде филиппиндік бала күтушілердің қызметін ұсынатын жарнамалар көбейген. Арнайы сайттарда шетелдік күтушілердің жасы, суреті мен жалақысы көрсетіліп, жұмыс берушілер өзіне қажетті маманды таңдай алады. Қызмет құны 500 мың теңгеден басталады.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, филиппиндік күтушілерге сұраныстың артуына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың арасында балаларға ағылшын тілін үйретуі, жұмысқа жауапкершілікпен қарауы және отбасының жеке мәселелерін сыртқа шығармауы бар.
Агенттік директоры Әлия Маутованың сөзінше, қазір олардың базасында шамамен 200 филиппиндік бала күтуші бар. Оның айтуынша, барлығы Қазақстанға заңды түрде келген.
"Артықшылығы – олар балаларға ағылшын тілін үйрете алады. Одан бөлек, отбасындағы мәселелерге қызықпайды. Ең маңыздысы – өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады", – деді Әлия Маутова.
Филиппин Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халық саны 100 миллионнан асатын мемлекет. Ел тұрғындарының бір бөлігі жұмыс іздеп шетелге кетеді.
Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда нақты қанша филиппиндік азаматтың жұмыс істеп жүргені туралы дерек жоқ. Дегенмен шетел азаматтарының заң талаптарын сақтай отырып, үй шаруасына жалданып жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
Министрлік өкілі Шолпан Молдабекованың айтуынша, үй қызметшілерімен еңбек шарты жасалған жағдайда олардың да басқа жұмысшылар сияқты еңбек құқықтары сақталуы тиіс. Олар демалуға және жалақысын толық алуға құқылы.
Сонымен қатар мамандар әлеуметтік желі арқылы клиент іздейтін күмәнді агенттіктердің көбейіп кеткенін айтып, бұл нарықты бақылауды күшейту қажет екенін ескертеді. Соған қарамастан соңғы жылдары филиппиндік бала күтушілердің қызметіне сұраныс жоғары. Олардың қызметіне көбіне Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары жүгінеді.
Еске салайық, былтыр 2025 жылы Stan.kz қазақстандық отбасылар арасында филиппиндік күтушілерге сұраныстың артқанын жазған еді. Материалда олардың ағылшын тілін білуі, еңбекқорлығы мен балаларға жауапкершілікпен қарауы жоғары бағаланатыны айтылған. Сол кезде филиппиндік күтушінің айлығы шамамен 800-900 доллар, ал оны Қазақстанға әкеліп, рәсімдеу қызметі 2 миллион теңгеден асатыны көрсетілген.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты