Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала туу көрсеткішін арттыру үшін ана капиталы жүйесін енгізу ұсынылды

Ана мен бала
Фото: istockphoto.com

Экономист Арман Батаев Қазақстанда ұзақ мерзімді демографиялық саясатты алдын ала ойластырып, екінші, үшінші және төртінші бала дүниеге келген кезде ана капиталы жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finmentor.kz Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сарапшы бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейде төмендеген Сингапурды мысалға келтірді. Сингапурда отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды шаралар пакеті іске қосылуда. Сарапшының мәліметінше, әр балаға 17 жасқа толғанға дейін көрсетілетін тікелей көмектің жалпы көлемі шамамен 55 мың долларына жуықтауы мүмкін.

“Ақшалай төлемдерден бөлек, мемлекет балабақша мен бала күтіміне берілетін субсидияларды қаржыландырады, ата-аналарға берілетін демалыс мерзімін ұзартады, бала туған кезде арнайы бонус төлейді және мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде отбасыларға басымдық береді. Мұның себебі түсінікті. Сингапурда бала туу коэффициенті бір әйелге шаққанда 0,87 балаға дейін төмендеді. Ал халықтың қарапайым өсімін қамтамасыз ету үшін бұл көрсеткіш шамамен 2,1 болуы қажет”, – дейді сарапшы. 

Батаев Қазақстан үшін демографиялық саясаттың өзіндік қағидатын – "Пәтерлер – аналарға, бөбекжайлар – балаларға" деген ұстанымды ұсынды. Оның ұсынысы бойынша, екінші, үшінші және төртінші бала дүниеге келген кезде ана капиталы енгізілуі тиіс.

Ана капиталын отбасылар ең алдымен баспана сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алуы қажет. 

“Менің идеям – екінші, үшінші және төртінші бала дүниеге келген кезде ана капиталын енгізу. Бұл қаражатты ең алдымен баспана сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын кеңейтуге бағыттауға болады. Сонымен қатар қолжетімді бөбекжайларды қатар дамыту қажет. Бұл әйелдің бала тууына байланысты бірнеше жыл бойы білім алудан, кәсібінен және экономикалық өмірден шет қалмауы үшін маңызды”, – деп жазды сарапшы. 

Сарапшының мәліметінше, Қазақстандағы бала туу коэффициенті шамамен 2,57 деңгейінде. 2021 жылы туу көрсеткіші шарықтау шегіне жетіп, шамамен 446 мың бала дүниеге келген. Одан кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген. 2025 жылы дүниеге келген балалар саны шамамен 335 мыңға дейін азайған.

"Сондықтан демографиялық саясатты бала туу коэффициенті 1,5 немесе 1,0 деңгейінен төмендеген кезде емес, алдын ала бастаған дұрыс", – дейді сарапшы.

Батаевтың пікірінше, Қазақстанда ана капиталы жай ғана кезекті төлем болмауы тиіс. Бұл тұрғын үй, бөбекжай, қолжетімді білім беру, бала тәрбиесі мен мансапты қатар алып жүру мүмкіндігі және әйелдердің қаржылық қорғалуын қамтитын кешенді саясат болуы тиіс.

Еске салсақ, 2025 жылдың мамырында Қазақстанда бала туу деңгейі 11 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 21:41