Жасанды интеллект жасаған есептен соң АҚШ пен Қытайды соғыс ашуға шақ қалдырды – CNN
АҚШ қорғаныс министрлігінің жасанды интеллект жүйесі Қытай кемесіндегі жүкті қате танып, оны ядролық бағдарламаға арналған компоненттер деп көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың көктемінде АҚШ Қорғаныс министрлігінің жасанды интеллект жүйесі Қытай кемесінің бортындағы жүкті қате анықтап, оның ядролық бағдарламаға арналған компоненттер екенін көрсеткен. Бұл қате АҚШ-тың Қытайға қарсы әскери операция дайындауына себеп болған.
CNN мәліметінше, АҚШ Арнайы операциялар күштері қолбасшылығының сарапшысы кеме туралы барлау ақпаратын талдау үшін чат-ботты пайдаланған. Жүйе ашық деректерді (OSINT) радиоэлектрондық барлау мәліметтерімен (SIGINT) біріктіріп, кемедегі жүкке қатысты қате қорытынды жасаған.
Кейін сарапшы сол жасанды интеллект жүйесін пайдаланып, қорытындыларды ресми барлау есебіне айналдырып, оны тиісті органдарға таратқан.
Осы есептен кейін Пентагон Қытай кемесін тоқтатып, бортқа қарулы арнайы жасақ түсіруге дайындала бастаған. Әскери ұшақтар да әуеге көтерілген.
Алайда операция басталар алдында америкалық шенеуніктер есепті егжей-тегжейлі қайта тексеріп, оның жасанды интеллект көмегімен дайындалғанын анықтаған. Чат-бот кемедегі жүкті қате идентификациялағаны белгілі болған соң, операция тоқтатылған.
CNN қандай жүктің нақты кемеде болғанын анықтай алмаған. Сондай-ақ бұл жағдайда коммерциялық чат-бот па, әлде АҚШ үкіметіне арналған арнайы жүйе ме ол да белгісіз.
Телеарна дереккөздерінің бірінің айтуынша, есеп "соғысты бастап кете жаздаған". Өйткені АҚШ-тың Қытай кемесіне қарсы кез келген күш қолдануы екі ел арасында тікелей қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін еді.
Еске салайық, бұған дейін Калифорнияда бір топ альпинист тауға шығу маршрутын жоспарлау кезінде жасанды интеллект кеңесіне сеніп, қиын жағдайға тап болған еді. Gemini олардың сапары шамамен 8 сағатқа созылатынын айтқан. Алайда іс жүзінде шыңға жетудің өзі 16 сағатқа созылып, альпинистер азық-түлік пен жылы киімнен тапшылық көріп, бағыттан адасып кеткен. Оларды құтқарушылар бірнеше сағаттан кейін ғана тапқан.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
