Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонаевта полиция мысықтарды үйде ұстау жағдайын тексеруге барып, жануарларды өлтіріп кеткен

мысық
Фото: Время

Қонаев қаласы тұрғынының пәтеріне заңсыз кіріп,  19 мысықтың көзін жою оқиғасына қатысы бар адамдар әлі анықталмаған. Мұны жәбірленуші тараптың өкілдері мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

14 шілде күні қала тұрғыны Нина Колганованың пәтеріндегі жануарларды ұстау жағдайын тексеру қайғылы оқиғамен аяқталған. Салдарынан 19 мысық өлтіріліп, пәтердің астаң-кестеңі шыққан. Оған қоса үй иесінің жеке заттары жоғалған.

Жәбірленуші тараптың заңгерлері бұл іске қатысы бар барлық адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниетті екенін мәлімдеді. Олардың қатарында учаскелік полиция қызметкері мен өздерін жануарларды аулау қызметінің өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдар да бар. Олардың айтуынша, келген адамдар ешқандай қызметтік куәлік немесе құжат көрсетпеген.

Нина Колганованың сөзінше, 14 шілде күні таңғы сағат 10 шамасында оның Бірінші ықшамаудандағы пәтеріне учаскелік полицей мен азаматтық киімдегі үш ер адам келген. Олар көршілерден жануарларды талапқа сай ұстамайтыны және пәтерден жағымсыз иіс шығатыны туралы шағым түскенін айтқан.

“Менде бәрі талапқа сай. Мысықтарға арналған бірнеше дәрет науасы бар, олар күн сайын тазаланады. Үй арнайы құралдармен жуылып, озонатор мен қуатты ауа тазартқыш қолданылады. Ешқандай жағымсыз иіс жоқ. Маған үнемі қонақтар келед”, – дейді Нина.

Оның айтуынша, жануарларды тәркілеуге ешқандай заңды негіз болмаған. Соған қарамастан қолына қап ұстап келгендер барлық мысықты алып кететінін айтқан. Әйел кем дегенде бір апта уақыт беріп, жануарларды еріктілерге тапсыруға әрі олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік сұраған. Алайда үзілді-кесілді бас тартылған.

Үй иесі бөтен адамдардан үйден кетуді талап еткен. Осыдан кейін жағдай ушыққан. 

“Кейін тағы төрт полиция қызметкері келді. Олар мені күштеп пәтерден шығарып, аяқкиімсіз учаскелік полиция пунктіне алып кетті. Маған полицияға қарсылық көрсеттің деп айып тағып, кемінде 15 тәулікке қамалатынымды айтты. Сол жерде мен жануарлардың тағдырын сұрадым. Полиция қызметкерлері оларды баспанаға немесе аулау қызметіне алып кететінін айтты. Кейін учаскелік инспектор келіп, барлық жануардың өлтірілгенін жеткізді. Оған қоса, маған: “Одан да еркек тауып, бала туғаның дұрыс еді, одан көбірек пайда болар еді”, деп айтты”, – деді Нина.

Әйелдің айтуынша, оны Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабының 1-бөлігі бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қаупімен хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген.

Түске қарай үйіне оралған Нина сұмдық көрініске куә болған. Пәтердің іші қанға боялған. Тек бірнеше асыл тұқымды мысық пен денесіне үрлемелі мылтықтың дротигі қадалған бір марғау ғана аман қалған. Қанды оқиғаның куәгері Нинаның құрбысының 17 жастағы қызы болған. Сол сәтте ол көрші бөлмеде отырған.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда көршілер 15 мысық ұстайтын әйелдің үстінен шағымданғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 24 Шілде, 2026 20:58
Талқылау