"Мысықты алып кетіп, кейін жоғалтып алған": Желіде “Зу-Зу Күлпаш” сериалының түсірілім тобы сынға ұшырады

Желіде мысықты ұстап алып, үстіне күйе жағып, оны реквизит ретінде пайдаланып, кейін оны жоғалтып алған қазақстандық “Зу-Зу Күлпаш” сериалының түсірілім тобы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түсірілім кезіндегі оқиға фильмнің әлеуметтік желідегі парақшасында “Түсірілім барысындағы қызықтар” деген жазбамен жарияланған.
Кадрлардан түсірілім тобының мысықты ұстап алып, үстіне күйе жағып, оны реквизит ретінде пайдаланғанын көруге болады.
“Бізге сахна бойынша қара мысық керек еді. Бірақ табылмаған соң, жігіттер оны қара түске бояп жатыр”, – дейді видеода.
Кейін түсірілім тобы мысықты басқа мекенжайға алып барған. Көлікте отырған жануардың жан-жағына алаңдай қарап, қорқып отырғаны байқалады. Артынша олар мысықты жоғалтып алған.
ОқыңызКөптеген қазақстандық бұл жағдайды түсірілім процесі емес, жануарға қатыгездік көрсету деп бағалады. Әлеуметтік желіде жұрт мысықты дереу іздеп, иесіне қайтаруды және түсірілім тобының ашық түрде кешірім сұрауын талап етті.
“Байғұс мысықтың үстіне күйе жағып тастады. Олардың ешқайсысы әрекеттерінің қатігездік екенін ойламады да”, “Эмоциялық интеллекттері жоқ екен”, “Мынау не сұмдық”, “Видеода күліп тұр ғой, негізі түсірілімге арнайы үйретілген жануарларды алмайды ма? Мыналар байғұс мысықты әбден мазақ етті ғой”, “Естеріңнен адастырдар ма?”, “Сөз жоқ, мысықты мазақ еттіңдер, бұған қоса жоғалтып алдыңдар. Дереу мысықты тауып, иесіне қайтарыңдар”, – деп жазған олар.
Желідегі жұрттың наразылығынан кейін түсірілім тобы тағы бір жазба жариялап, мысықтың табылғанын хабарлады. Сондай-ақ олар жануарды жуындырып, иесіне қайтарғанын айтты.
“Құрметті халқым!
Уайымдай беруді қойыңыздар. Мысықтың жағдайы жақсы, үйінде. Түсірілім бойынша кір-қожалақ мысық Кәтәлөктің алдын кесіп өтуі керек болды. Одан кейін Кәтәлөктің жолы болмай қалуы жайлы бөлім. Мысықты иесінен сұрап алып түсірдік, одан кейін жуындырып үйіне қайтарылды”, – делінген жазбада.
Алайда бұл жазба желідегі жұрттың ашуын баса алмады.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?