Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Донбасты НАТО-ға айырбастау: Зеленский АҚШ-тың қақтығысты шешуде жаңа нұсқа ұсынғанын айтты

Зеленский Путин келіссөз
Фото: president.gov.ua

АҚШ Украинаға Донбастағы әскерін шығарған жағдайда НАТО-ға кіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Вашингтон бұл мәселені алғаш рет көтеріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Интерфакс-Украина” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зеленскийдің айтуынша, АҚШ тарапы қақтығысты реттеудің осындай нұсқасын алғаш рет қарастыруды ұсынған.

"Америкалықтар: “Егер Украина НАТО-ға кірсе, Донбастан әскерін шығара ма?” деген мәселені көтерді. Бұл алғаш рет айтылып отыр. Біз серіктестерімізбен Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін талқылап жатырмыз. Бұл пакетке НАТО мен Еуропалық одақтың қауіпсіздік кепілдіктері, Украина армиясын күшейту, әскер санын арттыру, қару-жарақпен қамтамасыз ету және белгілі бір уақытқа қаржылай қолдау көрсету кіреді. Сонымен қатар елді қалпына келтіруге арналған, қаржысы нақты көрсетілген жоспар да қарастырылып жатыр", – деді Зеленский жұма күні журналистермен кездесуде.

Президенттің айтуынша, АҚШ пен НАТО-ның басқа серіктестері мұндай ұсынысты растаса, ол мәселені Украина қоғамының талқысына салады. Зеленский мұндай шешімді өз бетінше қабылдай алмайтынын атап өтті.

"Егер осындай ұсыныс түссе, мен президент ретінде қоғаммен ашық диалогқа шығып: “Қазір жағдайымыз осындай, барлық серіктесіміз осылай бірікті, әрі қарайғы жолды осылай көріп отыр” деп айтамын. Бірақ басып алынған аумақтарды Ресейдің меншігі деп ешқандай жағдайда мойындамаймыз", – деді ол.

Зеленскийдің айтуынша, Украина НАТО-ға мүше болуды қауіпсіздіктің басты кепілдіктерінің бірі деп санайды. Себебі Альянсқа мүше бір елге шабуыл жасалса, қалған мемлекеттер оған көмектесуге тиіс.

Бұған дейін Киев АҚШ пен басқа серіктестерінен НАТО-ның бесінші бабына ұқсас кепілдік сұраған. Ал қазір Вашингтон төртінші және бесінші баптарға негізделген қауіпсіздік шараларын ұсынып отыр.

"Менің америкалық тарапқа қойған сұрағым: “Егер бізге НАТО-ға ұқсас кепілдік берсеңіздер, америкалық сарбаздар біздің жерімізде бола ма?” деген еді. Олардың жауабы: “Жоқ” болды", – деп қосты президент.

Зеленскийдің айтуынша, АҚШ мұндай кепілдіктерді екіжақты келісімдер деп атап, оларды Израильмен және Таяу Шығыстағы кейбір елдермен жасалған қауіпсіздік жөніндегі уағдаластықтармен салыстырады.

"Біз олардың нақты қандай келісімдер екенін білмейміз. Бірақ кейбір араб елдері мен АҚШ арасында белгілі бір уағдаластықтар бар. Ол елдерде америкалық әскери күштер орналасқан, АҚШ-тың авиациясы мен әскери-теңіз күштері көмектеседі, америкалық базалар бар. Иран сол елдерге шабуыл жасағанда, осы базаларға да соққы берді. Бәріміздің есімізде, базаларды қорғау үшін тиісті әуе қорғанысы жүйелері, “Патриот” кешендері және басқа да құралдар қолданылып, аумақтар да қорғалды. Яғни қауіпсіздік кепілдіктері осылай да жұмыс істеуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.

Президент Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері нақты нені қамтитынын және іс жүзінде қалай жүзеге асатынын айқындау қажет екенін атап өтті.

Еске салсақ, алда Трамп, Путин мен Си Цзиньпин алғаш рет ядролық қару тағдыры тақырыбында үшжақты келіссөз жүргізетінін хабарлаған едік.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 20:11