Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда заңсыз айналымнан 276 000-нан астам электронды темекі тәркіленді

Фото: Istock.com

Қазақстанда электронды темекі айналымына тыйым салынғанына қарамастан, жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданды.

“Астанадағы департамент вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет-дүкендер, сондай-ақ Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген”, – делінген хабарламада.

Ізін жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға "тұрмыстық техника сатып алдық" деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 миллиард теңгеден асқан.

Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Олар төрт қойманы, интернет-дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 миллион теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ұлытау облысында вейптерді "дропперлер" арқылы заңсыз сатуды ұйымдастырған екі жергілікті тұрғынға айыптау үкімі шықты. Ақшаны алу және аудару үшін олар курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеуге шешім шығарды.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 12:20