Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам қызды емдік массажға шақырып, зорлады деген күдікке ілінді

массаж
Фото: magnific.com

Астанада ер адам қызды емдік массажға шақырып, зорлады деген күдікке ілінді. Жәбірленушінің айтуынша, ол қашып шығуға тырысқанда ер адам шашынан тартып, пышақпен қорқытып, қайтадан пәтерге сүйреп кіргізген. Қыз полиция келгеннен кейін күдіктінің босатылып кетуінен қорқып, оқиға орнында қалуға мәжбүр болғанын айтады. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Беліме отырсаң, өліп қалмайсың ғой”

Адвокат Ләззат Рақышева өзінің қорғауындағы қыздың Астана қаласында болған зорлық-зомбылық туралы оқиғасын баяндап берді.

Жәбірленуші қыздың айтуынша, оқиға 4 шілде күні Астана қаласында сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін болған. Ол Астана қаласында сұлулық салонынан бір кабинет жалға алып жұмыс істеген. Медициналық оқу орнын бітіріп, қосымша массаж бойынша білім алып, сертификат алған. Заңды түрде емдік массаж қызметін көрсетіп жүрген.

"Жұмысымды бастағаныма шамамен екі апта болған кезде, менің қабылдауыма Қанат есімді ер адам келді (аты өзгертілген). Ол менен емдік массаж алды. Массаж аяқталғаннан кейін ол менен өзіне боди-массаж жасайтын массажист тауып беруімді сұрай бастады. Мен ондай таныстарым жоқ екенін және интимдік қызмет көрсетпейтінімді айттым. Осыдан кейін ол кетіп қалды. Оның айтқан сөздерінен кейін оны WhatsApp-та бұғаттап тастадым", – деді қыз.

Қыздың айтуынша, бір айдан кейін таңғы сағат 08:30-да маған бейтаныс нөмірден қоңырау келген. Ер адам өзіне емдік массаж қажет екенін айтқан. Қыз оған WhatsApp арқылы жазуын сұраған. Алайда ер адам маманның WhatsApp желісіне жаза алмайтынын алға тартқан.

"Кейін өзіне қайта жазбақ болғанымда, бұғатталғанын көрдім. Алайда хат алмасу өшірілгендіктен, оны не себепті бұғаттағанымды есіме түсіре алмадым. Оған өзім "Бізде интимдік қызмет көрсетілмейтінін білесіз ғой" деп жазып, бұл туралы 3-4 рет ескерттім. Ол келісіп, мұны білетінін айтты. Сағат 10:00-де ол айтқан мекенжайға емдік массаж жасау үшін бардым. Ішке кіргенімде бөлме қараңғы болды, ал ер адам диванда жатты. Тек сол кезде ғана оның бұрын маған келген сол ер адам екенін түсіндім. Ол ақша төлейтінін айтып, өзіне массажды жақсылап жасауды сұрады. Оған "Сіз бұрын да маған келген едіңіз ғой. Мен сізге әдеттегідей кәдімгі массаж жасаймын" дедім", – дейді жәбірленуші.

Қыз шалбар киіп отырған. Ол оған басынан бастап емдік массаж жасай бастаған. Бел тұсына жеткен кезде қызға дөрекі дауыспен оның үстіне отырып массаж жасауын талап еткен. Алайда ол бірнеше рет бас тартып, бұлай жасамайтынын айтқан.

"Ол киімін көтеріп "Сен сөз түсінбейсің бе? Мен сені не үшін шақырдым? Беліме отырсаң, өліп қалмайсың ғой" деп дөрекі сөйлей берді. Мен оған "Егер сізге интимдік қызмет керек болса, жезөкше шақырыңыз. Сізге алдын ала мұндай қызмет көрсетпейтінімді ескерттім. Сіз менің уақытымды бекер алып отырсыз" дедім. Үстелдің үстінде ақша жатты. Оған "Міне, ақшаңызды алыңыз" дедім де, телефонымды алып, кетуге дайындалдым. Сол сәтте ол мені шашымнан қатты ұстап, басымды диванның қатты бұрышына бірнеше рет ұра бастады. Кейін мені етпетімнен жатқызды. Мен айғайлап, аяғыммен қорғануға тырыстым, бірақ оған шамам жетпеді. Ол басымнан бірнеше рет жұдырықпен ұрып, қолымен басымды басып ұстап, ар-намысыма тиетін балағат сөздер айтты. "Үндеме, с***, қазір өлтіремін, б***" деген сияқты түрлі сөздер айтылды. Осыдан кейін ол мені зорлады", – дейді жәбірленуші.

“Терезеден секірмек болғанымда, аяғымнан ұстап алды”

Қыз айғайлап, орнынан тұруға тырысқан. Бір қолымен денесінің төменгі бөлігін жауып қорғануға әрекет жасаған.

"Жыныстық қатынастан кейін ол орнынан тұрды. Ер адам орнынан тұрған сәтте мен бірден есікке қарай жүгірдім. Қолдарым май болғандықтан, есік тұтқасын бірден бұра алмадым. Сол кезде оның қолында пышақ бар екенін және артымнан жүгіріп келе жатқанын байқадым.Терезеге қарай жүгіріп, оны ашып, секірмек болғанымда, ол бір аяғымнан ұстап қалды. Бұл шамамен сағат 11:00 шамасында болды. Бар күшіммен айғайлап, көмекке шақырдым. Шамамен 7–8 рет айғайлаған соң, мені ауладағы адамдар көріп қалды. Секіруге тырыстым, бірақ ол аяғымнан тартып тұрып алды. Бір сәтте ол шашымнан ұстап, қатты артқа қарай тартты да, мені жерге лақтырып жіберді. Құлап қалдым, бүкіл денем қатты ауырды. Жерде бүрісіп жатып жыладым және одан "Маған тиіспе!" деп өтіндім", – дейді қыз.

Ер адам қыздың басын аяғымен басып, пышақты мойнына тақаған. Сөйтіп "қазір сені өлтіремін, тамағыңды кесемін" деп қорқытып, тағы да түрлі балағат сөздер айтқан. Содан кейін ер адам оның шашынан ұстап, басқа бөлмеге сүйреп апарған.

"Мені пышақтың сырт жағымен ұрып отырды. Пышақты менің мойныма тақап, өзіне оральды жыныстық қатынас жасауға мәжбүр етті. Бір кезде есік қағылды. Көршілер келген екен. Бірақ ол пышақты мойныма тақап, үндемеуді бұйырғандықтан, көмек шақыра алмадым. Ол мені ерекше қатыгездікпен үш рет зорлады. Сондай-ақ шашымды пышақпен қиды. Бір кезде оған телефон соқты. Сол кезде мен оның уақытша жалға алған пәтері екенін түсіндім. Оған қоңырау шалған адам "Мен келгенше тез шық" деді. Ол жақын жерде полиция қызметкерлерінің тұрғанын, адамдардың шулап, полицияға қоңырау шалып жатқанын көріп, дірілдей бастады. "Ол маған: "Сені өлтіріп, тамағыңды кесіп кетсем де, мені ешкім таппайды", – деп қорқытуын жалғастырды және балағат сөздер айтты", – дейді жәбірленуші қыз.

“Қашып құтылып, полиция қайда?" деп жыладым”

Қыз өмірін сақтап қалу үшін болғанын жағдайды ешкімге ештеңе айтпайтынын айтып, уәде берген. Осыдан кейін ер адам шамамен 10 минут отырып, не істеу керек екенін ойлаған.

"Полицияның кетіп бара жатқанын көрген соң, ол маған тек телефонымды қайтарып беріп: "Кіреберісте күт. Егер қашып кетсең, сені тауып алып, құртамын", – деді. Пәтерден жүгіріп шықтым. Бұған дейін көшеде немесе кіреберісте жүрген адамдарды көрген кезде, олардан көмек сұрай бастадым. "Маған көмектесіңіздер, полиция қайда?" деп жыладым. Екі жас жігіт полиция шақыруға жүгіріп кетті. Осы уақытта мені зорлаған Қанат есімді ер адам әлі де пәтердің ішінде болды және сыртқа шықпады. Полиция пәтерге кіріп, оны ұстады. Жедел жәрдем келді. Жыныс мүшемнен қан кетті, себебі шамамен 1 сантиметр көлемінде жыртылу болып, соның салдарынан қан кету басталды", – дейді қыз.

Оның жағдайы ауыр болған, ол шок жағдайында қалған. Бұған дейін ол бейтаныс ер адамның тарапынан мұндай жағдайға ешқашан тап болмаған. Не істерін білмей, абдырап қалғанын және шок жағдайында болғанын айтқан.

"Полиция қызметкерлері маған "Егер қазір жедел жәрдем сізді алып кетсе, біз бұл адамды босатамыз. Осында қалыңыз" деді. Бұл адамды босатып жібермеу үшін мен сол жерде қалуға мәжбүр болдым. Әпкем мен ағам келген кезде, полиция қызметкерлері оларға мені зорлаған пәтерге кіруге рұқсат бермеді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері мені зорлаған ер адаммен бір бөлмеге отырғызды. Олар күдіктінің таныстарын пәтерге кіргізді, ал менің ағам мен әпкеме кіруге рұқсат бермеді", – дейді жәбірленуші.

Адвокат Ләззат Рақышеваның айтуынша, қыз оған тек оқиғадан кейінгі түнде жүгінген. Оның сөзінше, іс бойынша сараптамалар жүргізу және болуы мүмкін куәгерлерден жауап алу мәселелері бар. Адвокат материалдарды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтайтынын айтты.

 Адвокат тергеушіні ауыстыруды сұрады

Адвокат Ләззат Рақышеваның айтуынша, жәбірленуші тергеушіге қарсылық білдіру туралы өтініш жазған.

"Істі зерделеу барысында тергеуге қатысты бірден бірнеше маңызды сұрақ туындады. Сондықтан тергеушіге қарсылық білдіру және қылмыстық істі Тергеу басқармасына беру мәселесін көтеріп отырмыз", – дейді заңгер.

Қорғаушының сөзінше, жәбірленуші қылмыс жасады деп көрсеткен ер адам оқиға орнында ұсталып, полицияға жеткізілген. Алайда кейін босатылып, қазіргі таңда қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде жүр.

"Жәбірленуші зорлықтан кейін ауыр жағдайда болды, денесінде жарақаттар бар, фото және бейнематериалдар жиналған, ал көршілер көмек сұраған айғайды естіген. Соған қарамастан, бұл ер адам осы уақытқа дейін күдікті ретінде танылған жоқ. Арада шамамен үш ай өтті", – дейді адвокат Ләззат Рақышева.

Адвокаттың айтуынша, тергеуші бұған дейін сараптамалардың қорытындысын күту қажеттігін айтқан. Алайда қорғау тарапы қолда бар дәлелдерге құқықтық баға беруге сараптамалардың не себепті кедергі болуы тиіс екенін сұрап отыр.

"Басты сұрақ бар. Оқиғадан кейін ұсталған адам неге әлі күнге дейін Қылмыстық процестік 64-бабында көзделген күдікті мәртебесіне ие емес? Қазір мәселені де тергеу алдында қойып отырмыз", – дейді адвокат.

Полиция не дейді?

Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді полиция департаменті.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 16:59