Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тікелей эфирде мысықты құлағынан тістеп, азаптаған қазақстандық жазаға тартылды

мысық
Фото: Бейнероликтен үзінді

TikTok желісінде мысықтың құлағынан тістеген ер адам желі қолданушылардың ашуын туғызды. Өзінің туған қызымен тікелей эфирге кірген ер адам мысықты азаптаған. Полиция ер адамның анықталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушылары посттың пікірлер алаңына ер адамға наразылығын білдірді.

“Мысықты ақша мен подарок үшін әдейі қысып, қинап, қорқытып, мияулатып отырғандарың нағыз қатыгездік. Тірі жанның қиналғанын көріп отырып, бұдан ақша табуды қалайша адамдыққа сыйғызасыңдар?! Алладан қорқыңдар. Жануар да Алланың жаратқаны. Бүгін әлсіз жануарды қинап отырсыңдар, ертең сол жасағандарыңның есебін беретін күн бар. Алла ешбір жаратылыстың ақысын далаға тастамайды. Мысықты қинауды дереу тоқтатыңдар!”, “Тай қазанмен жасты болып істеп отырғанын қарашы?! Қақпас шалдың қасындағы қаршадай қызына үйретіп отқан дүниесі ме енді осы. Мысықтың киесі жаман, сорлап қалма, сорлым-ау”, “Жауыздар! Сұмдық! Тірі жанға қалай осындай нәрсе жасауға болады?! Ата-аналар, тәрбиені өзімізден бастайық”, “Үлкенде мейірім, тәрбие болмаса, кішісінде қайдан болсын?! Түсініктеме видео күтеміз. Арыз жазайық”, “Мысықтың қарғысы жаман болады, бауырлар”, – деп жазды желі қолданушылары.
мысық комент
Фото: Әлеуметтік желіден

Оқиға Қызылорда облысында болғаны анықталды. Полиция қызметкерлері ер адамды қолға түсірген.

“Полиция қызметкерлері жедел түрде бейнежазба бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде жануарға қатыгездік танытқан адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол 43 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Кетенов Серік болып шықты. Оған айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Бұдан бөлек, оған мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасалды.  Жануарға қатыгездік таныту қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Үй жануары тірі және зардап шеккен жоқ”, – деп жауап берді Қызылорда полициясы.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде жас жігіттің мысыққа күштеп насыбай беріп, кейін жануарды жіберіп жатқан видеосы тарады. Видео авторлары бұл оқиға Маңғыстау облысында болғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары жануарға жасалған әрекетке алаңдаушылық білдіріп, оның денсаулығына қандай зиян келуі мүмкін екенін талқылаған.

Ислам Әден
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 16:53