Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мысықты қинап ауызына насыбай тыққан: Әлеуметтік желіде таралған бейнероликке полиция жауап берді

оооооо
Фото: Бейнероликтен үзінді

Тик-ток желісінде көшедегі мысықтың ауызына қинап, насыбай тыққан бейнеролик халықтың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде жас жігіттің мысыққа күштеп насыбай беріп, кейін жануарды жіберіп жатқан видеосы тарады. Видео авторлары бұл оқиға Маңғыстау облысында болғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары жануарға жасалған әрекетке алаңдаушылық білдіріп, оның денсаулығына қандай зиян келуі мүмкін екенін талқылаған.

Аталмыш оқиғаға Маңғыстау облысының полиция департаменті де жауап берді. Алайда баспасөз қызметшісі өз жауабында бұл жағдайдың Қазақстанда болмағанын мәлімдеді.

“Бұл жағдай Маңғыстау облысында, тіпті Қазақстанда болған жоқ, Өзбекстанда болған”, – деп жауап берді Маңыстау департаментінің баспасөз хатшысы.

Тілшіміз "Аяныш" Жануарлар құқығын қорғау ұйымының президенті Айгүл Имбергеновадан пікір алды. Құқық қорғаушының сөзінше, Қылмыстық кодексінің 316-бабына сәйкес келетін және “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзатын жануарға қатыгездік көрсету әрекеті тіркелген.

 

“Егер қатыгездік салдарынан жануар мертіксе, 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (648 750 теңге) айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 150 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейінгі қамауға алу жазасы көзделген. Ал жануар өлген жағдайда 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (865 000 теңге) айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі қамауға алу жазасы қарастырылған. Сонымен қатар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейін айыру жазасы қолданылуы мүмкін” – деді жануарлар құқығын қорғаушы. 

Құқық қорғаушының айтуынша, видео интернетте көпшілікке ашық жарияланғандықтан, жануардың иесі ғана емес, кез келген адам құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Ол видеоға сілтемені, көшірмесін немесе басқа да материалдарды ұсына алады.

Заңгер Бауыржан Азановтың түсіндіруінше, жануардың нақты жарақат алғанын немесе өлгенін дәлелдеу барлық жағдайда міндетті емес. “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң бойынша жануардың өліміне, мертігуіне немесе денсаулығына зиян келтіруі мүмкін қасақана әрекет те қатыгездік ретінде бағалануы мүмкін.

“Егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, мұндай әрекет үшін әкімшілік құқық бұзушылықтуралы кодекстің 407-1-бабы ("Жануарларға жауапсыз қарау") бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Ал жануар мертіксе немесе өлсе, іс қылмыстық кодекстің 316-бабы ("Жануарларға қатыгездікпен қарау") бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Бейнежазба маңызды дәлел бола алады, бірақ адамның кінәсін өздігінен дәлелдемейді. Тергеу кезінде адамның кім екені, оқиғаның мән-жайы, видеоны түпнұсқалығы және мысыққа нақты қандай зат берілгені анықталуы тиіс”, – деді заңгер Бауыржан Азанов.

Ветеринар Дархан Қалматайұлының айтуынша, насыбайдың құрамында темекі және никотин болуы мүмкін. Никотин мысық үшін улы зат саналады.

“Алғашқы кезеңде мысықта сілекейдің көп бөлінуі, құсу, іш өту, мазасыздану, жүрек соғуының жиілеуі, діріл, қозғалыстың үйлесімсіздігі байқалады. Ауыр улану кезінде әлсіздік, қан қысымының бұзылуы, тыныс алудың қиындауы, тырысу, есінен тану және өлімге дейін апаратын жағдай болуы мүмкін”, – деді ветеринар.

Еске сала кетейік, Түркістан облысында ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. 

Ислам Әден
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 16:54