Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"53 жаста зейнетке шыға алмайды": Қазақстандық көпбалалы әйелдер қалай зейнетақы алады

Зейнетақы
Фото: ChatGPT

53 жаста зейнетке шығу – бес және одан көп баласы бар әйелдерге берілген құқық. Бірақ бұл 53 жасқа толған сәттен бастап зейнетақының барлық түрін алуға болады дегенді білдірмейді. Бес баланың анасы Әсем Ислямова осы норманың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдаған.

Осыны анықтау үшін Әсем Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдаған. Ол 53 жаста қандай төлемдер ала алатынын, атап айтқанда, базалық зейнетақы мен БЖЗҚ-дағы жинағына қол жеткізу жолдарын білгісі келген.

"Зейнетақы аннуитетінің шарттарын қарай бастағанда, болашаққа нақты есеп керек екенін түсіндім. Қанша қаражат жинауым қажет, қай жаста қандай мүмкіндік бар – соны алдын ала білгім келді. Бес баланың анасы ретінде 53 жасқа қатысты норма мен үшін маңызды болды. Сондықтан ресми түрде түсініктеме сұрадым", – деді Әсем Ислямова.

53 жас деген норма кімдерге арналған?

Әлеуметтік кодексте бес және одан көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алған, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жастан зейнетке шығуға құқығы бар деп жазылған. Бірақ бұл 53-ке толған бойда барлық зейнетақы төлемі бірден беріледі деген сөз емес екен.

 

Фото: Әсел Ислямова жеке мұрағатынан

Министрліктің түсіндіруінше, 53 жаста жасы бойынша зейнетақы алу үшін әйелдің 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі болуы керек.

Бұл талаптың себебі – 1998 жылдан бастап Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің енгізілуі. Сондықтан жасы бойынша зейнетақының ынтымақты бөлігі адамның осы күнге дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептеледі.

Ал 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін алты ай еңбек өтілі жоқ әйелге 53 жасында бұл төлем тағайындалмайды.

Әсем 1984 жылы туған. 1998 жылдың 1 қаңтарында ол небәрі 13 жаста болған.

"Ресми жауаптан кейін біздің буын үшін 53 жаста зейнетке шығу дегеннің мәні мүлде басқа екенін түсіндім. Егер 1998 жылға дейін еңбек өтілің болмаса, 53 жаста жасы бойынша зейнетақы алмайсың. Базалық зейнетақы да ол кезде берілмейді. БЖЗҚ-дағы өз жинағыңды да тек көпбалалы ана болғаның үшін 53 жастан бастап ала алмайсың", – дейді ол.

Ал базалық зейнетақы қашан беріледі?

Министрлік жауабында базалық зейнетақы 53 жастан берілмейтіні айтылған. Оны әйел жалпыға ортақ зейнет жасына жеткенде ғана ала бастайды.
Қазір әйелдердің зейнет жасы – 61. 2028 жылдан бастап бұл меже 61 жас 6 айға, 2029 жылы 62 жасқа, 2030 жылы 62 жас 6 айға өседі. 2031 жылдан бастап әйелдер 63 жаста зейнетке шығады.

БЖЗҚ-дағы жинаққа қатысты жағдай да осыған ұқсас. 53 жасқа толу қордағы ақшаны автоматты түрде алуға мүмкіндік бермейді. Оны жалпы зейнет жасына жеткенде немесе заңда көрсетілген басқа жағдайда ғана алуға болады.

Соның бірі – зейнетақы аннуитеті. Егер шоттағы жинақ жеткілікті болса, оны рәсімдеуге болады. Бірақ бұл жерде көпбалалы ана мәртебесіне бөлек жеңілдік бермейді. Негізгі талап – жас пен жинақ көлемі.

 

Бала күтімі үшін отырған жылдар есептеле ме?

Есептеледі. Әр балаға үш жасқа дейінгі күтім кезеңі еңбек өтіліне есепке алынады. Бірақ жалпы мерзім 12 жылдан аспауы керек.

Алайда бұл кезең 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінің орнын алмастырмайды. Сондықтан бала күтіміне байланысты есептелген жылдар әйелге 53 жасында ынтымақты зейнетақы алуға мүмкіндік бермейді.

Бұл еңбек өтілі кейін базалық зейнетақының мөлшерін есептеген кезде ескеріледі.

Әсемнің негізгі алаңдайтыны да осы. 

"Менің жұмысым бар, балаларға енем көмектеседі. Ал үйінде алты-жеті немесе одан да көп баласы бар, қарайласатын ешкімі жоқ аналар не істейді? Мұндай әйел бірнеше жыл толық жұмыс істей алмауы мүмкін. Егер 53 жасқа келгенде де зейнетақы төлемін ала алмаса, күнкөрісі қалай болады? Мені осы жағы алаңдатады", – дейді Әсем.

Оның пікірінше, мәселе 53 жаста зейнетке шығу құқығы мен сол жаста нақты қандай төлем тағайындалатынының бір-бірінен бөлек реттелуінде. Бір норма көпбалалы әйелге 53 жастан зейнетке шығу құқығын береді, ал нақты төлем еңбек өтілі мен басқа да талаптарға байланысты. Әсемнің сауалы да осы нормалардың көпбалалы аналар үшін іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсінуге бағытталған.

Ол үшін бұл жай ғана зейнет жасына қатысты мәселе емес. Бес-алты баланы тәрбиелеп, еңбек нарығында ұзақ уақыт толық жұмыс істей алмаған әйел үшін 53 жастан кейінгі қаржылық жағдайдың қандай болатыны да маңызды.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 17:48