Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы жинағын адам жасына қарай басқару жүйесі енгізілмек: Ол қалай жұмыс істейді?

ақша бағдарлама
Фото: Stan.kz

Қазақстанда зейнетақы жинағын басқару тәртібі өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк салымшының жасына қарай зейнетақы ақшасын әртүрлі инвестициялық стратегиямен басқаруды ұсынды. Төраға Тимур Сүлейменов бұл тәсілдің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банктегі брифингте Тимур Сүлейменовтен қазақстандықтар зейнетақы жинағын инвестициялау моделін өздері таңдай ала ма деген сұрақ қойылды. Бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы Ұлттық банк басқаратын қаражатқа да, жеке басқарушы компанияларға берілген жинақтарға да қатысты. 

Қазір азаматтар зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға берген жағдайда, инвестициялық стратегиялардың бірін таңдай алады. Алайда Ұлттық банк ұсынған жаңа өзгерісте салымшының жасы да ескерілмек. Мысалы, еңбек жолын енді бастаған жас адамның зейнетке шығуына әлі көп жыл бар. Сондықтан оның жинағын тәуекелі жоғары инвестициялық құралдарға салуға мүмкіндік беруге болады. Мұндай инвестициядан көбірек табыс табу ықтималдығы жоғары болғанымен, тәуекелі де жоғары.

Ал зейнетке шығуына аз қалған адамның жинағын тәуекелі жоғары бағыттарға салу тиімсіз. Өйткені оның ақшасын ұзақ уақыт бойы инвестициялап, ықтимал шығынның орнын толтыруға мүмкіндігі аз. Сондықтан Ұлттық банк зейнетақы жинағын басқару стратегиясын таңдағанда салымшының жасына қарай тәуекел деңгейін белгілеуді ұсынып отыр.

“Жасқа қарай әртараптандырудың қарапайым қаржылық әрі әлеуметтік логикасы бар”, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Дегенмен бұл өзгерістің нақты қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Бағдарлама енгізілген соң оның нақты тетіктері әзірленбек.

“Бағдарламаның өзі енгізілген соң оның нақты тетіктері әзірленеді. Егер сіздерде қандай да бір ұсыныстар болса, біз оларды да тыңдауға дайынбыз”, – деді Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін 4 қыркүйек күні Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 17:39