Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинағын қай компанияға аударған тиімді: 2026 жылғы табыс пен тәуекел

жинақ
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Биыл қыркүйек айынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға аудара алады. Бұған дейін тек 50%-ын беру мүмкін еді. Аталған өзгеріс жоғары табыс табуға мүмкіндік бере ме, әлде тәуекелді арттыра ма? Stan.kz мәселенің мән-жайын қаржы сарапшыларынан сұрап білді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруда көбірек еркіндік береді. Енді олар инвестициялық стратегиясын өздері таңдап, қаражатын жеке басқарушы компанияларға немесе бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады.

Оған қоса министрлік зейнетақы қорындағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасының сақталуына мемлекет бұрынғыдай кепілдік беретінін мәлімдеді.

Алайда бұл өзгеріс барлық салымшы үшін тиімді бола ма? Жеке басқарушы компанияларға барлық жинақты беру қаншалықты қауіпсіз? Бұл сұрақтарға қаржы сарапшылары жауап берді. 

“Бір жылдық нәтижесіне қарап таңдауға болмайды”

Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, бүгінде зейнетақы жинақтарының 40%-дан астамы инвестициялық табыстың есебінен қалыптасқан. Сондықтан активтерді тиімді басқару болашақтағы зейнетақы төлемдеріне әсер етеді.

Сарапшының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жеке басқарушы компаниялардың орташа табыстылығы 6,75% болып, Ұлттық банктің 4,21%-дық көрсеткішінен жоғары болды. 2021 жылғы сәуірден бергі кезеңде де жеке басқарушылардың орташа нәтижесі жоғары: 74% қарсы 67%.

Сонымен қатар жеке басқарушылардың нарықтағы үлесі әлі аз. Қазір олардың басқаруында шамамен 110 миллиард теңге немесе барлық зейнетақы активтерінің 0,4%-ы бар. Досовтың пікірінше, қаражаттың толық көлемін жеке басқарушыларға беру мүмкіндігінің кеңеюі нарықтағы бәсекені күшейтуі мүмкін.

Компаниялардың табыс көрсеткіші қандай?

2026 жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан бергі табыс көрсеткіші:

  • Centras Securities – 9,94%;
  • Alatau City Invest – 6,23%;
  • BCC Invest – 5,98%;
  • Halyk Finance – 5,72%;
  • Tansar Capital – 1,84% (басқаруды 8 сәуірден бастаған);
  • ҚР Ұлттық банкі – 4,21%.

Сарапшы салымшыларға зейнетақы жинағын аудармас бұрын басқарушы компаниялардың табысы мен инвестициялық стратегиясын салыстырып, өзіне тиімдісін таңдауға кеңес берді. Басқарушы компанияны таңдағанда бір жылдық табысына ғана қарамауға кеңес береді. Оның орнына инвестициялық портфельдің құрылымын, валюталық активтердің үлесін, тәуекел деңгейін және инвестициялау мерзімін ескеру қажет.

"Қазіргі табыс болашақта да дәл осындай нәтиже болады деуге кепілдік бермейді. Әр компанияның инвестициялық стратегиясы әртүрлі. Сондықтан жоғары табыс көрсеткен компанияның тәуекелі де жоғары болуы мүмкін", – дейді Рамазан Досов.

Рамазан Досовтың сөзінше, салымшылар зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компаниялардың біріне аудара алады. Бұл ретте әр компанияның көрсеткіші әртүрлі болғандықтан, нақты табысына назар аудару маңызды.

“Зейнетке шығуына аз уақыт қалған азаматтарға зейнетақы жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдырған дұрыс”

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазір зейнетақы активтерінің көлемі 25–26 триллион теңгеге жеткенімен, оның небәрі 0,35%-ы ғана жеке басқарушы компаниялардың қолында. Бұған дейін жеке басқарушы компанияларға зейнетақы жинағының толық көлемін беруге шектеу болғандықтан, бұл нарық баяу дамыған.

"Барлық жинақты жеке басқарушы компанияға аудару қаржы сауаты бар, ұзақ мерзімге инвестициялауға дайын азаматтар үшін тиімді болуы мүмкін. Әр басқарушы компанияның инвестициялық саясаты әртүрлі. Сондықтан салымшы қаражатын сақтағысы келе ме, әлде жоғары табысқа ұмтыла ма, соны ескеруі керек", – дейді Айбар Олжай.

Экономистің пікірінше, зейнетке шығуына аз уақыт қалған азаматтарға зейнетақы жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдырған дұрыс.

"Агрессивті стратегия жоғары табыс әкелуі мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары. Ал консервативті стратегияның басты мақсаты – қаражатты сақтап қалу", – дейді ол.

Ал жеке басқарушы компаниялардың басты артықшылығы – нарықтағы өзгерістерге тез бейімделіп, инвестициялық шешімдерді жедел қабылдай алуы.

“Ұлттық банк ондаған триллион теңгені басқарады. Мұндай көлемдегі қаражатты бірден басқа активтерге ауыстыру қиын. Ал жеке басқарушы компаниялардың қаражат көлемі әлдеқайда аз болғандықтан, олар нарықтағы өзгерістерге тез әрекет етіп, инвестициялық стратегиясын жылдам өзгерте алады. Сондықтан кей жағдайда олардың табыстылығы жоғары болуы мүмкін”, – дейді қаржы сарапшысы. 

Экономистің сөзінше, жеке басқарушы компанияға аударылған қаражатқа мемлекет кепілдік бермейді.

“Бұл жағдайда жауапкершілік жеке компанияның өзіне жүктеледі. Егер шығын болса, компания өз резервтері есебінен өтем жасауға міндетті. Ал мемлекет олардың лицензиясын, қаржылық тұрақтылығын және есептілігін қатаң бақылап отырады”, – дейді экономист. 

Жеке басқарушыны таңдағанда неге мән беру керек?

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, жеке басқарушыны таңдағанда оның меншікті капиталына да назар аудару керек. Себебі басқарушы компания инвестициялық портфельдегі шығындар мен капиталдың жоғалуына өз капиталымен жауап береді.

"Заңда белгіленген деңгейге дейінгі соманы қалпына келтіру міндеті де басқарушыға жүктеледі. Бұл ретте салымшы зейнетақы жинағын қолма-қол алып, оны өз қалауы бойынша жұмсамайды. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жеке басқарушының сенімгерлік басқаруына аударылады. Салымшы жеке басқарушыны жылына бір рет ауыстыра алады. Оған қоса барлық жинақты бір басқарушыға беру міндетті емес. Қаражатты бірнеше басқарушы арасында қалаған үлеспен бөлуге болады", – деді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Бұл рәсім Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қосымшасы және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.

Қаржы сарапшының сөзінше, мемлекет жеке басқарушыларға аударылған зейнетақы жинақтарының сақталуына белгілі бір деңгейге дейін кепілдік береді. Кепілдік мөлшері инвестициялық портфельдің түріне байланысты:

  • консервативті портфельде – 95%;
  • қалыпты портфельде – 90%;
  • агрессивті портфельде – 85%.

Компаниялардың табыс көрсеткіші қандай?

Әр басқарушы компанияның зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілі әртүрлі. Бірі облигацияларға басымдық берсе, енді бірі акциялар мен биржада сатылатын инвестициялық қорларға көбірек қаржы салады. Сондықтан компанияларды тек табысы бойынша емес, басқаруындағы актив көлемі, портфель құрылымы, валюталық активтердің үлесі және комиссиясы бойынша да салыстырған жөн. Төменде 2026 жылы 1 шілдедегі көрсеткіштер бойынша жеке басқарушы компаниялардың негізгі параметрлерін ұсынамыз.

Centras Securities

Centras Securities басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі – 14,14 миллиард теңге. Компанияның 2026 жылдың басынан бергі табысы 9,94%, ал соңғы 12 айдағы көрсеткіші 18,66% болды. Бұл – кестедегі басқарушы компаниялар арасындағы ең жоғары 12 айлық нәтиже.

Компания портфелінің негізгі бөлігін банк облигациялары (22,7%), РЕПО операциялары (16,24%) және квазимемлекеттік облигациялар (13,75%) құрайды. Активтердің 70,51%-ы теңгемен, 29,49%-ы доллармен байланысты. Басқару комиссиясы – 1%.

Alatau City Invest

Alatau City Invest басқаруында 19,32 миллиард теңге зейнетақы активі бар. 2026 жылдың басынан бергі табысы 6,23%, соңғы 12 айдағы табысы 13,88%. Компания портфелінде ETF-тер басым – 31,79%. Сонымен қатар акциялары 14,57%, банк облигациялары 10,8% үлес алады.

Бұл компанияда доллармен байланысты активтердің үлесі жоғары: 54,48%, теңгелік активтер – 44,66%, басқа валюталар – 0,86%. Басқару комиссиясы – 5%.

кесте
Фото: Stan.kz

BCC Invest

BCC Invest басқаруында 15,53 миллилард теңге зейнетақы активі бар. 2026 жылдың басынан бері 5,98%, соңғы 12 айда 11,41% табыс көрсеткен. Портфельдің негізгі бөлігін Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары – 28,58%, банк облигациялары – 20,35% және квазимемлекеттік облигациялар – 15,72% құрайды. Активтердің 67,76%-ы теңгемен, 32,24%-ы доллармен байланысты. Басқару комиссиясы – 6%.

Halyk Finance

Halyk Finance – басқарушы компаниялар ішінде зейнетақы активтерінің көлемі ең көп компания. Оның басқаруында 65,58 миллиард теңге бар. Соңғы 12 айдағы табысы 11,69%. Портфельдің негізгі бөлігін банк облигациялары – 21,51%, квазимемлекеттік облигациялар – 14,17% және ETF-тер – 11,59% құрайды. Активтердің 64,89%-ы теңгемен, 35,11%-ы доллармен байланысты. Басқару комиссиясы – 5%.

Tansar Capital

Tansar Capital – зейнетақы активтерін басқаруды кеш бастаған компания. Оның басқаруында әзірге 0,32 миллиард теңге немесе шамамен 320 миллион теңге бар. Компания басқаруды 2026 жылы 8 сәуірде бастаған. Сол себепті оның толық 12 айлық көрсеткішін салыстыру мүмкін емес. 2026 жылдың басынан бергі көрсеткіші 1,84% деп көрсетілген. Портфельде РЕПО операциялары – 37,33%, MSCI ACWI ETF – 32,27%, басқа ETF-тер 7,32% алады.

Активтердің 42,35%-ы теңгемен, ал 57,65%-ы доллармен байланысты. Демек компания портфеліндегі долларлық активтердің үлесі теңгелік активтерден жоғары. Басқару комиссиясы – 6%.

Ұлттық банк

Салыстыру үшін, Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 26,79 триллион теңге. 2026 жылдың басынан бергі табысы 4,21%, ал соңғы 12 айдағы көрсеткіші 10,29%. Ұлттық банк портфелінің негізгі бөлігін Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары – 43,32% құрайды. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік облигациялар – 7,87%, депозиттер – 3,71%. Активтердің 59%-ы теңгемен, 41%-ы доллармен байланысты.

Жеке басқарушы компания зейнетақы жинағын қайда салады?

Жеке басқарушы компаниялардың айырмашылығы – зейнетақы жинағын әртүрлі инвестициялық құралдарға салуында. Бір компания облигацияларға көбірек қаржы бөлсе, екіншісі акциялар мен ETF-терге басымдық береді. Бұл олардың табысы мен тәуекел деңгейіне әсер етеді.

кесте
Фото: Stan.kz

Alatau City Invest зейнетақы активтерін ETF-терге, Қазақстан компанияларының акцияларына, банк және шетелдік мемлекеттік облигацияларға орналастырады. Портфельдегі шетел валютасындағы активтердің үлесі 55,34%. Демек компания шетелдік нарықтарға және доллармен байланысты активтерге салыстырмалы түрде көбірек қаржы салады.

BCC Invest негізінен Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, банк және квазимемлекеттік облигацияларға инвестициялайды.  Оған қоса акциялар мен ETF-тер де бар. Шетел валютасындағы активтердің үлесі 32,24%. Демек портфельде теңгедегі активтер басым.

Halyk Finance портфелінде банк және квазимемлекеттік облигациялар, ETF-тер мен мемлекеттік бағалы қағаздар бар. Шетел валютасындағы активтер 35,11% құрайды. Демек компания облигацияларға көбірек мән береді, бірақ шетелдік нарықтарға ETF арқылы да инвестиция жасайды.

Tansar Capital портфелінде РЕПО операциялары, ETF-тер және Қазақстан компанияларының акциялары бар. Шетел валютасындағы активтердің үлесі 57,65%. Бұл – аталған компаниялар арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мысалы, MSCI ACWI ETF арқылы әлемнің әртүрлі елдеріндегі көптеген компаниялардың акцияларына бірден инвестиция жасауға болады.

Centras Securities негізінен банк, квазимемлекеттік және корпоративтік облигацияларға, РЕПО операцияларына қаржы салады. Портфельде АҚШ облигациялары да бар. Шетел валютасындағы активтердің үлесі 29,49%. Демек компания портфелінде теңгедегі активтер басым.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар БЖЗҚ-дан барлық жинағын басқа компанияға аудара алатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 09:00